Жаңа заң жобасында митинг өткізу тәртібі белгіленді - Жамбыл Ахметбеков
Жамбыл Ахметбеков митингтің қалай өтетіні туралы жаңа заң жобасы дайындалғанын айтты
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Жамбыл Ахметбеков Ұлттық кеңес отырысында талқыланған мәселелерге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Ұлттық кеңес отырысында үш жұмыс тобы құрылған болатын. Сол топтардың жұмыс қорытындысы халыққа ақпарат ретінде таратылды. Бүгінгі Ұлттық кеңес отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алға қойған мақсаты мен Ұлттық кеңестің алғашқы отырысында айтылған мәселелердің шешілу барысы туралы баяндама оқыды. Қоғамның көңілінен шығып отырған мәселе өте көп, себебі алғашқы отырыста айтылған мәселелердің шешімі табылып жатыр», - дейді Жамбыл Ахметбеков.
Сондай-ақ, ол саяси реформа мәселесіне кеңінен тоқталып өтті.
«Бұған дейін халық саяси реформа керек екенін айтып келе жатқанмен, ол билік тарапынан ешқандай шешімін тапқан жоқ. Енді Ұлттық қоғамдық кеңес құрылғаннан кейін бұл мәселе шешімін табатындай. Мысалы, Президент саяси реформа - халықты дүрбелеңге әкелмейтін, біртіндей жасалатын реформа екенін айтты», - дейді ол.
Сондай-ақ, Жамбыл Ахметбеков митингтің қалай өтетіні туралы жаңа заң жобасы дайындалғанын айтты.
«Жаңа заң жобасында митинг өткізу тәртібі белгіленді. Ол жай ғана құқық емес, жауапкершілік екені білгіленді. Сонымен қатар «Жүргізуші« статусы, «Қатысушы« статусы ретінде жаңа ұғымдар пайда болды. Енді митинг өткізер кезде ең бастысы бұрынғыдай рұқсат алу мәселесі емес, митингтің қайда өтетіні, қанша адам жиналатыны және қандай мәселе қаралатыны туралы ескертіп айту жағы қаралады. Митингтің өтуі заңнамаға қайшы болмауы және қоғамдық тәртіпті бұзбауы ескеріледі», - дейді ол.