ШұғылCOVID-19: Қазақстанда өткен тәулікте 7800-ге жуық адамнан вирус анықталды

Қазақстанда жарты айдан астам уақытқа жететін картоп қоры бар - АШМ

Әкімдікегілерге ерте пісетін картопты Түркістан облысынан сатып алу ұсынылады

Azattyq Rýhy / Әсет Құндақбаев

Қазақстанда картоп жеткілікті: 11 маусымдағы жағдай бойынша республикада 70 мың тоннадан астам әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің қоры бар, деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.

Белгіленген тұтыну нормаларына сәйкес, елдегі картоп қоры жарты айдан астам уақытқа жетеді (халықтың жан басына шаққанда жылына 95 келі норма болғанда, еліміздің халқы күніне 4,9 мың тонна картоп тұтынады).

Қазіргі бағаға қатысты: күнделікті баға мониторингі картопқа бөлшек сауда бағасы 138-450 теңге/кг аралығында болатынын көрсетеді. Бүгінде төмен баға Қостанай (138 тг/кг) және Ақтөбе облыстарында (166 тг), ал ең жоғарғысы Нұр - Сұлтан қаласында (225-450 тг), СҚО (320-340 тг), ШҚО (335 тг) және Қарағанды облысында (270-310 тг) тіркелген.

«Елордалық базарлар мен сауда нысандарына жүргізілген мониторинг нәтижесі бүгінде картопқа деген сұраныс жоқ екенін көрсетті. Ассортиментте былтырғы да, биылғы да (жаңа) картоп бар және сатылып жатыр. Сонымен қатар, тауарлардың жеткілікті болуына байланысты баға төмендеп келеді.

Былтырғы картоп сапасына қарай, келісі 120 теңгеден 200 теңгеге дейін сатылады. Биылғы өнім  «Шарын» және «Шапағат» сауда орталықтарында 280-320 теңгеден, «Евразия», «Магнум» және «Смолл» СОО-да келісі 400-450 теңгеден сатылады», - делінген хабарламада.

Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, жыл басынан бері картоптың құны 48,6%-ға өсті. Бұл өсім маусымдық сипатқа ие. Мысалы, 2020 жылы дәл осы күні статистика органдары картоптың 46%-ға жуық өскенін тіркеген.

Маусымдық бағаның өсуіне делдалдар мен сауда объектілерінің үстемені көп қосқаны әсер еткен.

Айта кету керек, маусым айынан бастап оңтүстік аймақтарда ерте пісетін көкөністер мен картоптың жаңа өнімі жаппай жинала бастады. Мұнда биылғы картоптың бағасы тоннасына 175-200 мың теңге аралығында. Жақын арада жаңа өнімдерді жеткізу нарықтағы бағаға едәуір оң әсер етуі мүмкін.

«Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдарына ерте пісетін картопты Түркістан облысынан сатып алу ұсынылады.

Биылғы картопты Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының нарығына жеткізуді ұйымдастыру үшін оператор ретінде «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ-ны іске қосу қажет.

Сондай-ақ, әкімдік ауыл шаруашылығы өнімдерін қолжетімді бағамен жеткізе отырып, жәрмеңкелер ұйымдастыру ұсынылады», - делінген АШМ хабарламасында.