Күнбағыс майы, картоп, қант, бензин бағасы: Мәжілісте елдегі қымбатшылық мәселесі сөз болды
Депутат азық-түлік тауарларының қазіргі құнын тізбектеп шықты
Бүгінде азық-түлік өнімдерінен бастап, баспананың шаршы метріне дейінгі баға шарықтап барады. Депутаттар Мәжілістің кезекті отырысында елдегі қымбатшылық мәселесін көтерді.
Мәжіліс депутаты Данияр Әлімбаев Премьер-министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайыловқа жолдаған сауалында азық-түлік тауарларының қазіргі құнын тізбектеп шықты.
«Ең жоғары өсім (33,7%) күнбағыс майының бағасы бойынша тіркелді. Қант 32,8%-ға, жарма 28,7%-ға, картоп 16,8%-ға, жемістер 14,9%-ға, макарон өнімдері 14,7%-ға, жұмыртқа 10%-ға және өзге де өнімдердің де бағасы өсті. Сонымен қатар, бензин, электр энергиясы, фармацевтикалық өнімдер мен тұрғын үйдің де құны қымбаттады. Бірақ инфляция 7,5 пайыз деңгейінде нысаналы мән шегінде сақталып қалды. Бағалар мен тарифтердің деңгейін ұстап тұру үшін Үкімет қандай шаралар қабылдауда?», - деді Данияр Әлімбаев.
Оқи отырыңыз: «Қымбатшылық қысып барады». Үкімет базар мен дүкендегі бағадан хабардар ма?
Бірінші вице-премьер Әлихан Смайылов бұл мәселе Үкіметтің жіті қадағалауында екенін алға тартып, тиісті қаражаттың бөлінгенін мәлімдеді.
«Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасын тұрақтандыру үшін Үкімет арнайы Жол картасын әзірлеп, оны іске асыруда. Оның аясында 45 жедел және жүйелі шаралар көзделген. Өз кезегінде АШМ ішкі нарықты азық-түлікпен толық қамтмасыз үшін арнайы кешенді жоспарын жүзеге асыруда. Қосымша субсидиялауға Ауыл шаруашылығы министрлігіне 30 млрд теңге қарастырылды. Жергілікті тұрақтандыру қорларында 20 мың тонна азық-түлік бар. Сондай-ақ, қосымша 36 мың тоннаға форварттық шарттар жасады. Жергілікті бюджет есебінен жеңілдетілген несие ретінде сауда жүйлеріндегі бағаларады ұстап тұру үшін 33 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражатты 50 млрд теңгеге дейін көтеру көзделген. Сонымен қатар, монополияға қарсы шаралар іске асырылып, шектеу бағалары енгізілуде. Азық-түлік бағаларын тұрақтандыру үшін біз 24 арнайы көтерме тарату орталығын салуды жоспарлап отырмыз», - деді Әлихан Смайылов.
Әсел Оршыбеков, Нұр-Сұлтан