Бөлінген қаражат толық игерілгенімен, балалар лагерьлерге барған жоқ - Мәжіліс
Депутаттың сауалына Білім және ғылым министрі жауап берді
Былтыр балаларды сауықтыру, оңалту және демалысын ұйымдастыру шараларына бөлінген қаражат 100 пайыз игерілгенімен, балалар лагерьлерге барған жоқ. Мұндай мәлімдемені депутат Ләззат Рамазанова Мәжілістің кезекті отырысындай айтты.
«Балаларды сауықтыру, оңалту және олардың демалысын ұйымдастыру бюджеттік бағдарламасы бойынша 782 млн теңге қарастырылыпты. Есеп бойынша бұл қаражат 100 пайыз игерілген. Бюджеттік бағдарламаға байланысты 2 мыңнан астам бала оңалтудан өтуге тиіс екен. Балалар оңалтудан өткен жоқ. Республикалық білім беру, ұйымдастыру, балаларды оқыту және тәрбиелеу бағдарламасына өткен жылы 2,6 млрд теңге бөлінген. Қаражат 100 пайыз игерілді. Дегенмен нәтижесін көрген жоқпыз. Білім министрі мұны қалай түсіндірмек?», - деді депутат сауалында.
Білім және Ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Бас санитар дәрігердің талаптарына сәйкес балалардың тек көктем айларында ғана демала алмағандығын айтты.
«Бізде екі республикалық ұйым бар: «Бөбек» және «Балдәурен». «Бөбек» орталығында 1 300 бала демалу керек еді. «Балдәуренде» төрт жазғы лагерь бар. Олар Түркістан, Щучинскі, Балқаш және Қапшағайда орналасқан. «Балдауренге» 3,3 млрд теңге бөлінді. Ол жерде 15 мың бала демалу керек болған. Бірақ наурыздан бастап мамырға дейін пандемияға байланысты балалар демалған жоқ. Дегенмен, біз жұмыскерлерге жалақысын толығымен төлеп отырдық. Нәтижесінде 464 млн теңгені бюджетке кері қайтардық. Сондай-ақ, 11 мың бала расымен де барып демалып қайтты. Оның ішінде 3 061 бала Мақтаарал ауданын келді. Жоспар 80 пайызға орындалды» - деді министр жауабында.
Әсел Оршыбеков, Нұр-Сұлтан