ШұғылCOVID-19: Өткен тәулікте 2,5 мың адамнан вирус анықталды

Қазақстанның сыртқы қарызы тиісті шегінен асып кеткен - Мәжіліс депутаты

Сыртқы қарызды негізсіз тартқаны үшін бірінші басшы жауапқа тартылуы мүмкін

Фото: ашық дереккөзден

Еліміздің мемлекеттік қарызы бюджеттік саясаттың шектеуінен 27 пайызға асқан. Мұндай мәліметті Мәжіліс депутаты Артур Платонов төменгі палатаның кезекті отырысында айтты.

«2020 жылы бюджет тапшылығын болдырмау мақсатында Үкімет 3,1 трлн теңге қарыз алды. Оның ішінде 297 млрд теңге сыртқы қарыздың құнын құрайды. Нәтижесінде Қазақстанның мемлекеттік қарызы 20,6 трлн теңгеге жетті. Бұл ЖІӨ 29,4 пайызын құрайды. Яғни бұл көрсеткіш жаңа бюджеттік саясаттың шектеу концепциясынан 27 пайызға асып түсті. Егер де алдағы уақытта қарыз алуды тоқтатпасақ, қаржылық көрсеткіш Ұлттық қордың активтерінен асатыны анық. Бұл ретте тығырықтан шығу үшін қандай шаралар қабылданбақ?», - деді Мәжіліс депутаты Қаржы министріне жолдаған сауалында.

Ерұлан Жамаубаев пандемияның салдарынан мемлекеттік бюджеттің кірісі төмендегінін айтты. Алайда ел экономикасын ретке келтіруде бірқатар жұмыстардың атқарылып жатқанын мәлімдеді. 

«Бірінші кезекте бюджеттің түсімін арттыру көзделген. Ең алдымен көлеңкелі бизнестің деңгейін төмендету жоспарланған. Кедендік және салықтық процестерді цифрландыру жұмыстары жүргізілуде. Алдағы 2-3 жылдың ішінде өткізу бекеттерін толықтай модернизациядан өткіземіз. Бұл тауарларды дер кезінде бақылап отыруға ықпал етеді. Осылайша бюджет түсімдерін арттырамыз. Жеке кәсіпкерлер мен жеке тұлғалар үшін салық төлеудің тиімді тетіктері жүзеге асырылды. Мұндай шаралардың барлығы экономиканың артуына сеп болмақ. Сонымен қатар, қазір Ұлттық жоба әзірленуде», - деді Ерұлан Жамаубаев.

Алайда Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин сыртқы қарыздың сомасы бюджет саясатының шегінен асып кеткенін ескере келе, Қаржы министрінен нақты жауапты талап етті. 

«Бюджет қаражатын қамтамасыз етудің үш жолы бар. Біріншісі - кірістерден келетін түсімдер, екіншісі – Ұлттық қор, үшіншісі – қарыз. Егер де кірістің көлемі артатын болса, қалған екеуіне мұқтаждық азаяды», - деді Ерұлан Жамаубаев.

Алайда мұнымен келіспеген Мәжіліс төрағасы бюджеттің қаражаты әлі де Ұлттық қор мен қарыз алудың арқасында толығып отырғанын айтты. 

«Сізде нақты жоспар болуы тиіс. Біз үнемі сырттан қарыз ала алмаймыз. Қашан нақты жұмыс істейміз? Бюджетті өз есебімізден қашан толтырамыз? Ерұлан Кенжебекұлы, Сіз еліміздің бас қаржыгері ретінде мәселені шегелеп шешпесеңіз, Ұлттық қор мен сырттан қарыз алу үшін түрлі аргументтер табыла бермек. Сіз бұл мәселені бұған дейін шешуіңіз керек еді. Иә, барлық елдердің сыртқы қарызы бар. Бірақ жаңа қарыз алмай тұрып, алынған қарызды ретке келтіру керек. Мәселен, 2017 жылы БҒМ Дүниежүілік банктен 67 млн АҚШ долларын алу жөнінде келісім жасасқан. 2020 жылы министрлік аталған соманың 49 млн-ын жою туралы ұсынысын айты. Онда неге мұндай сомадағы қарыз алдыңыздар? Біз бұл қарыздан құтылу үшін алған күннен бастап мемлекет қаражатын жұмсадық», - деді Нұрлан Нығматулин.

Сондай-ақ, Мәжіліс спикері сыртқы қарыздарды негізсіз тартқаны үшін және оны уақытылы игермегені үшін бірінші басшыны жауапқа тарту бойынша заң жобасы қарастырылып жатқанын мәлімдеді.

Әсел Оршыбеков, Нұр-Сұлтан