$ 524.75  540.6  5.12
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
09.06.2021, 13:52
Үкімет

Білім министрі мектеп директорларын ротациялау қалай жүзеге асатынын түсіндірді

Енді, мұғалімді жұмысқа алу мәселесін директор жеке өзі шеше алмайды

Білім министрі мектеп директорларын ротациялау қалай жүзеге асатынын түсіндірді
Асхат Аймағамбетов, фото: kzvesti.kz

Қазақстанда мектеп директорларын ротациялау бір әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде жүзеге асырылады. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Antikor.Live жобасында айтты. Ведомство басшысы ротация институтын енгізу – директорларды тағайындаудың жаңа жүйесі, оларды аттестаттау, жалақы мен еңбек жағдайын арттырумен қатар басқару сапасын жақсартудың тиімді тетіктерінің бірі екенін атап өтті.

«Жалпы әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, кадрларды жаңарту, ротациялау өте маңызды. Қазір көпшілік өз пікірін білдіріп жатыр. Олардың арасында «ертең бүкіл ел бойынша 7500 директор бір мезетте жұмыс орнын ауыстырады» деп жатқандар да бар. Негізінде олай емес. Мәселен, Павлодар облысында жұмыс істеп жүрген адам Қарағанды облысына немесе Қарағанды облысынан Түркістан облысына жіберілмейтіні түсінікті. Қазір біз тек бір әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде ғана айтып жатырмыз. Ротациялау бойынша нақты критерийлер анықталады. Біз өзгелердің бұл тетікті өз  мүддесі үшін пайдаланылуына жол бермеуіміз керек», - деп атап өтті Білім және ғылым министрі.

Оқи отырыңыз: Мектеп директорларының жалақысы 2015 жылдан бері өспеген, олар жемқорлыққа баруы мүмкін – депутат

Министр ведомство өкілдері сарапшылармен бірге директорларды ротациялау ережелерін талқылап жатқанын айтты. Мектеп директорларын ротациялау бойынша нақты критерийлер кейін анықталады.

«Қазір әріптестерімізбен бірге директорларды ротациялау ережелерін талқылап жатырмыз. Біз халықаралық және әлемдік тәжірибені зерттедік. Түпкілікті шешім барлығының пікірі ескеріле отырып қабылданады. Осындай жаңа институттарды енгізу кезінде «зиян келтірме» қағидасын ұстану маңызды. Яғни, барлық тәуекелді ескеріп, ротацияға арналған негіздерді нақты регламенттеу қажет», - деп атап өтті Асхат Аймағамбетов.

Серіктес жаңалықтары