ШұғылҚазақстанда коронавируспен ауырғандар саны 404 мыңнан асты

«Қымбатшылық қысып барады». Үкімет базар мен дүкендегі бағадан хабардар ма?

Қазақстанда азық-түлік пен құрылыс материалдарының бағасы аспандап тұр

фотолардың авторы: Әсет Құндақбаев

Жұрт індетпен арпалысып жатқанда, елімізде азық-түлік, халық тұтынатын тауар, жанар-жағар май мен құрылыс материалдарының бағасы аспандап кетті. Құны шарықтаған тауарлар тізімінде көкөніс, ұн, сиыр еті, шәй, жұмыртқа, күнбағыс майы бар.

Құрылыс материалдарының ішінде - темір, ағаш, цемент және құрылыс қоспалары мен сусыма материалдар құны да бірнеше есеге өсіп, әлі де тұрақтамай тұр.

Ең көп тұтынатын сусын – шай бір жылда 12%, кофе 5,3%-ға қымбаттады. Бұл туралы energyprom.kz сайты жазады. Сайттағы ақпаратқа сүйенсек, мамыр айында халық көп тұтынатын азық-түлік тауарларының бағасы айтарлықтай өскен. Жалпы алғанда, тамақ өнімдері бір жылда  10%-ға қымбаттады.

Азық-түлікке қатысты қымбатшылық бойынша Атырау облысы - 11,8%, Маңғыстау облысы - 10,7%, Шығыс Қазақстан облысы - 10,5% алғашқы үштікке кіреді. Елдегі 17 өңірдің тоғызында баға орташа республикалық деңгейден жоғары болған.

Ресми статистикаға сенсек, мамырда көкөністер мен жемістер арасында бір жыл ішінде қиыр (36,3% - 739 тг), қызылша (26,8% - 174 тг), картоп (10,6% - 138 тг) және сәбіз, апельсин бағасы қымбаттаған. Әсіресе, халық жиі тұтынатын картоптың бағасы кей жерлерде маусым айында келісі 350 теңгеге дейін шарықтап отыр.

Сүт өнімдері өткен бір жылда орташа 11,3%-ға өсті. Шошқа еті 8,1% (1 700 тг), ал сиыр еті 8,3 % (2 400тг), балық 8,4% (2 300 тг) қымбаттаған.

Мұның барлығы қағазға түскен ресми статистика. Бірақ ел ішінде жағдай басқаша. Кейбір халық жиі тұтынатын заттарға, оның ішінде азық-түлік түрлері мен құрылыс материалдарының құны күн санап өсіп жатыр. Күнбағыс майы, картоп, ет тиісті органдар берген статитискадан анағұрлым қымбат. Ал, құрылыс маусымы қарсаңында қажетті материалдардың бағасы да аспандап кетеді.

Azattyq Rýhy тілшісі осы мәселеге қатысты құрылыс базарларын, ірі дүкендерді аралап, қарапайым жұртпен және сатушылармен тілдесіп қайтты. 

Маусым айының басында цементтің орташа бағасы 1400-1500 теңге болса, қазір 2000-2500 теңгеден сатылып жатыр. Арматураның тоннасы жыл басынан бері бірнеше есе артқан. Бұрын тоннасы 230 мың теңге болса, қазір 440 мың теңгеге жетіпті. Іргетас және өзге де құрылыс түрлеріне қажетті 250 маркалы бетонның бағасы маусым айының басында 12 000-13 000 теңге болса, бүгін ол 18 000-20 000 теңгеге көтерілген. Өнім дайындаушылар мұны цемент бағасының қымбаттауымен түсіндіреді.

Құрылысқа қажетті ағаш 30-40 пайызға артса, гипсокартонға арналған профиль темірлердің әр данасы (3 метр) 400 теңгеден 1000 теңгеге дейін өсті. Ал, сусымалы материалдар бір жылда екі есе көтерілген. Сыйымдылығы 35 тонналық жүк көлігімен жеткізілетін жуылған құм жыл басында 35 мың теңге болса, қазір 70-80 мың теңге аралығында сатылып жатыр. Құрғақ қоспалардың әр қабы 100-150 теңгеге қымбаттаған.    

Құрылыс материалдарын шығаруға қажетті және карьерлерде жұмыс істейтін ауыр жүк көліктері үшін әрбір дөңгелектің бағасы жыл басынан бері 105 мың теңгеден 150 мың теңгеге жетті. Мамыр айының басынан бері жанар-жағармай ішінде халық көп тұтынатын АИ-92 маркалы бензиннің әр литрі 20 теңгеге, ал дизель отыны 22 теңгеге қымбаттады. 

Ришат Асқарбекұлы, Алматы