ШұғылҚазақстанда коронавируспен ауырғандар саны 404 мыңнан асты

4,5 мың тонна ұн: Қазақстан Қырғызстанға гуманитарлық көмек жіберді

Жүк теміржол арқылы 75 вагонмен жеткізілді

фото: СІМ баспасөз қызметі

Қырғызстанға Қазақстаннан 4,5 мың тоннаға жуық бидай ұны тиелген гуманитарлық көмектің алғашқы партиясы жеткізілді. Оны тапсыру рәсіміне Қазақстан елшісі Рәпіл Жошыбаев және Қырғызстанның ауыл, су және орман шаруашылығы министрінің орынбасары Азамат Мукашев қатысты.

Жүк теміржол арқылы 75 вагонмен жеткізілді.

Министрдің орынбасары А.Мукашев қырғыз тарапы Қазақстан үкіметінің көрсеткен көмегіні жоғары бағалайтынын және бауырлас қазақ халқына терең ризашылық білдіретінін атап өтті.

Мемлекет басшысы Қырғызстанмен дәстүрлі достық, одақтастық және стратегиялық әріптестік қағидаттарын басшылыққа ала отырып, Қазақстан халқының атынан бауырлас қырғыз халқына гуманитарлық көмек көрсету туралы шешім қабылдағаны белгілі. Берілетін гуманитарлық көмектің жалпы көлемі 10 мың тонна ұнды құрайды.

Айта кету керек, пандемия басталғалы Қазақстан қырғыз тарапының өтініші негізінде Қырғызстанға гуманитарлық көмек көрсетіп келеді. Атап айтқанда, 2020 жылдың мамыр айында көрші елге 5 мың тонна ұн тегін берілді. Былтыр қарашада Қазақстан үкіметі Қырғызстанға елімізде шығарылған 400 портативті өкпе желдету аппараты мен 2 млн медициналық бетперде жіберді.