ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 967 адамнан COVID-19 вирусы анықталды

Білім министрі 5 ректордың ауысу себебін түсіндірді

Соңғы үш айда бес ЖОО-ға жаңа басшылар тағайындалды

фото: Асхат Аймағамбетов

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов оңтайлы өзгерістер болуы үшін тәжірибелі және өзіндік жаңа көзқарасы қалыптасқан жаңа буын өкілдерін тарту қажеттігін айтты.

«Тек соңғы үш айдың ішінде Абай атындағы ҚазҰПУ, Қожа Ахмет Ясауи атындағы қазақ-түрік университеті, Қыздар ұлттық университеті, Сәтбаев университеті, Қозыбаев университеті сияқты жетекші жоғары оқу орындарының ректоры болып зор әлеуеті мен мол тәжірибесі бар көшбасшылар тағайындалды», - деді министр.

Министрдің айтуынша, тағайындалған басшылардың басым бөлігі «Болашақ» бағдарламасының түлектері және әлемнің үздік жоғары оқу орындарында білім алған болса, енді бір бөлігі Назарбаев университетінде оқыған немесе жұмыс істеген мамандар.

«Бұл ретте адами капиталды дамыту жөніндегі мемлекеттік саясатты әзірлеу және іске асыру кезінде жергілікті жерлердегі жағдайды неғұрлым сапалы және толық ескеру үшін біз өңірлерде қызмет атқарып жатқан мамандарды жұмысқа белсенді түрде тартуға тырысамыз.

Жас көшбасшылар өз білімі мен тәжірибесін еліміздің гүлденуі жолында пайдаланып, еңбек үлестерін қосқылары келеді. Олардың әрқайсысына үлкен үміт артылып отыр», - деді Асхат Аймағамбетов.

Асхат Аймағамбетов министрліктің көздегені - жаңа мамандарды жұмысқа тарта отырып, қызметте жүрген басшыларды толығымен ауыстыру саясатын жүргізу емес екенін айтты.

«Басты мақсатымыз - қазақстандық білім мен ғылымның әлеуетін барынша күшейту үшін «жастық пен тәжірибенің үйлесім табуын» қамтамасыз ету. Жаңа көзқарасы бар жас кадрларды жұмысқа қабылдай отырып, тепе-теңдік пен ұрпақтар сабақтастығы сақталатын болады», - деп жазды министр.

Министрлік тарапынан іске асырылып жатқан кадрлық саясат туралы қоғамда неғұрлым толық және объективті түсінік қалыптастыру мақсатында алдағы бірнеше аптаның ішінде жаңадан тағайындалған басшылар кішігірім сұхбат береді.

Сұхбат барысында жас көшбасшылар басқарып отырған ұйымдарын одан әрі дамыту бойынша жұмыс жоспарын (1), жүзеге асырылатын негізгі реформалар (2), жұмыс жоспарын іске асыру үшін жүйеге тартылатын ресурстар (3) және жаңа басшының тағайындалуынан бастап ұйымның алдағы уақытқа жоспарланған жұмыс нәтижесімен (4) бөліседі.

«Бұл жұмысты жүйелі түрде жалғастыру үшін жақын арада біз жаңа жоба бастайтын боламыз. Атап айтсам, «Кадрлық резерв» жобасы. Біз білім және ғылым жүйесінде басшылық лауазымға ұсыну үшін табысты әрі дайындығы мықты үміткерлерді іріктеуді жоспарлап отырмыз. Жоба бойынша іріктеу шарттары мен тәртібі туралы ақпарат жеке жарияланады», - деді ол.

Бұдан бөлек жақын арада директорларды ротациялау институты, оларды тағайындаудың жаңа қағидалары және мұғалімдерді жұмысқа конкурс арқылы қабылдаудың жаңа жүйесін енгізетін нормалар жүзеге асырыла бастайды.