ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 930 адам COVID-19 вирусын жұқтырды

Ата-ана мектептегі баласы үшін алаңдамауы керек - Білім министрі

Асхат Аймағамбетов шұғыл тапсырма берді

көрнекі фото

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов министрліктің аппарат жиналысында мектептерді түгелдей дабыл түймесі мен бейнебақылау камерасымен қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ мектептердегі қауіпсіздік мәселесіне үлкен жауапкершілікпен қарауды бұйырды.

«Ата-аналар балаларын балабақшаға не мектепке жібергенде алаңдамауы керек. Қазан қаласында болған жантүршігерлік оқиға бәріміздің қабырғамызды қайыстырды. Бұл біз үшін үлкен сабақ болуға тиіс. Сондықтан біз білім саласында кешенді, жүйелі іс-шаралар қабылдауымыз керек. Мектептердің бәрі дабыл түймесімен қамтамасыз етілуге тиіс. Бұл көп шығынды қажет етпейді. Қаладағы мектептердің бейнебақылау камералары ішкі істер органдарының жедел басқару орталығына қосылуы керек. Картинаның сапасы, бейнекамералардың рұқсаты, деректерді сақтау мәселелері шешілуге тиіс. Білім және ішкі істер министрліктерінің бірлескен бұйрығы бар», - деді ведомство басшысы.

Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Майра Мелдебекова білім ұйымдарына терроризмге қарсы қорғаныста қойылатын жаңа талаптар бекітілгенін айтты.

Оқи отырыңыз: Қазақстандағы мектептердің барлығында арнайы күзет болады - ІІМ

Оның атап өтуінше, терроризмге қарсы қорғанысты ұйымдастыру нұсқаулығы да аталған қаулыда көрсетілген. Оларға рұқсат арқылы өткізу режимін, террористік сипаттағы көріністерге қарсы іс-қимылдарды ұйымдастыру, терроризмге қарсы қорғаныс паспортын әзірлеу, нысандарды техникалық жабдықтау кіреді.

«Бейнебақылау жүйесімен жабдықтау стандарттары мен талаптары Білім және ғылым министрлігі мен Ішкі істер министрлігінің бірлескен бұйрығымен бекітілген. Негізгі талаптар: әрбір бейнебақылаудың бір және одан көбірек жазу режимінің болуы, мұрағаттан жою және өзгертуден қорғалуы, бейнежазбаны нақты уақыт режимде беріп отыру мүмкіндігі, бейнені бір уақытта бірнеше камерада мұрағаттан қарау мүмкіндігінің болуы, электр энергиясы сөнген жағдайда да камераларының үздік жұмыс істеуі», - деді ол.

Еске сала кетейік, 11 мамырда Татарстан астанасы Қазан қаласындағы №175 мектепке қару асынған адам кіріп, оқушылар мен мұғалімдерге оқ жаудырған. Соңғы мәліметтер бойынша, атыс салдарынан 11 адам қаза тауып, зардап шеккен тағы бірнеше адам ауруханаға жеткізілген.