ШұғылҚазақстанда COVID-19 вирусын жұқтырғандар саны азайып келеді

«Биліктің нақты жауабы»: Ерлан Қарин Президенттің шешіміне пікір білдірді

Тоқаев жерді шетелдіктерге сатуға тыйым салатын заңға қол қойды

Фото: Бауыржан Жуасбаев

Ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге сату және жалға беру туралы көп жылға созылған қызу талқыға біржола және түбегейлі нүкте қойылды. Бүгін Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды.

Қасым-Жомарт Тоқаев осы норманы заң жүзінде бекіту туралы шешімді биылғы 25 ақпанда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің V отырысында жариялаған болатын. 

ҚР Президентінің көмекшісі Ерлан Қарин Тоқаев қол қойған құжатқа қатысты пікір білдірді.

«12 наурызда Президент тиісті заң жобасын Парламенттің қарауына арнайы жолдаған еді. Бұл – Президенттің заң шығару бастамашылығы бойынша әзірленген алғашқы заң жобасы. Сол арқылы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді шетелдіктерге сатуға және жалға беруге тыйым салу туралы мәселені біржола шешкісі келетінін нақты көрсетті», - деп жазды Ерлан Қарин. 

Өткен аптада заң жобасы Парламентте егжей-тегжейлі және жан-жақты талқыланып, депутаттар мақұлдаған соң, Мемлекет басшысына қол қоюға ұсынылды.

«Іс жүзінде Президенттің жер туралы заңы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді шетелдіктердің сатып алуына және жалға алуына тосқауыл қойды. Бұл биліктің түрлі дақпырт пен қауесетке берген нақты жауабы. Сондықтан, осы мәселе бойынша жұртты дүрбелеңге салуға бұдан былай еш негіз жоқтығына тағы да баса назар аударғым келеді», - деп пікір білдірді Президент көмекшісі. 

Заң жобасының мақсаты - шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік заңды тұлғалардың, шетелдік қатысуы бар Қазақстанның заңды тұлғаларының, халықаралық ұйымдардың, халықаралық қатысуы бар ғылыми орталықтардың, сондай-ақ қандастардың ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жеке меншік құқығымен және уақытша жер пайдалану құқығымен иеленуіне тыйым салуды енгізу.

Сондай-ақ, заң жобасында Қазақстан азаматтығы тоқтатылған және шетелдік азаматтар мен заңды тұлғалар Қазақстанның заңды тұлғасының қатысушылары құрамына кірген жағдайларда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді иеліктен шығару мәселелері реттелді.