Шетелден әкелінетін тұқымдардың басым көпшілігі біздің климаттық жағдайымызға бейімделмеген - сенатор

Ақылбек Күрішбаев тұқым шаруашылығындағы жағдайдың қиын екенін айтты

Шетелден әкелінетін тұқымдардың басым көпшілігі біздің климаттық жағдайымызға бейімделмеген - сенатор
Ақылбек Күрішбаев, фото: parlam.kz

Сенатор Ақылбек Күрішбаев депутаттық сауалында тұқым шаруашылығы мен селекциялық ғылым саласындағы проблемаларды атады. Депутат салада күрделі жағдай туындағанын және оны шешуді кешіктіруге болмайтынын атап өтті.

Ақылбек Күрішбаевтың айтуынша, тұқымдық материал сапасы төмендеп барады, ал ауыл еңбекккерлері жинайтын жыл сайынғы егін де азая түсуде. Сенатордың айтуынша, өнім сорттары мен будандарының шамамен 70%-ы, ал бірқатар дақылдар және одан да көбірегі бізге шетелден әкелінеді.

«Демек, біз импорттық өнімдерге толық тәуелдіміз және азық-түлік саласындағы тәуелсіздігімізді де жоғалтудамыз. Сонымен қатар, әкелінетін тұқымдардың басым көпшілігі біздің топырақ пен климаттық жағдайымызға бейімделмеген болып отыр», - деді сенатор.

Сондай-ақ депутат бөлінген мемлекеттік субсидиялар шетелдік тұқымдарды арзандатуға жұмсалатынына наразы. Ал жұмысын жүргізу үшін отандық аграршы ғалымдарға биыл әлі күнге дейін қаржы бөлінбеген.

Ақылбек Күрішбаев ғылымдағы жағдайды жақсарту жөнінде бірқатар ұсыныстарын айтты. Оның басты мақсаты - жоғары өнімді және күйзеліске төзімді сорттар мен дақылдардың будандарын әзірлеу болуы керек.

«Бұл үдеріске міндетті түрде отандық аграрлық ҒЗИ мен жоғары оқу орындары, биотехнология орталықтары, сондай-ақ жетекші шетелдік ғалымдар қосылуы тиіс. Бұл үдерісті заңнамалық қолдау да маңызды.

Селекция мен тұқым шаруашылығындағы авторлық құқықтарды қорғау, заманауи сертификаттау әдістерін қолдана отырып селекциялық жетістіктерді тіркеу, стандарттар мен ғылыми-әдістемелік базаны жаңарту жөніндегі заңнамалық және нормативтік базаны күшейту қажет. Сондай-ақ селекция және тұқым шаруашылығы субъектілерінің материалдық-техникалық және зертханалық базасын нығайтуға көмек көрсету, елде ауыл шаруашылығы дақылдарының генетикалық ресурстарының Ұлттық банкін ұйымдастыру маңызды», - деді Ақылбек Күрішбаев.

Сенатор тұқым шаруашылығы жүйесіне мемлекеттік қолдауды күшейтіп, отандық сорттарды субсидиялау тетігін қайта қарау керек деп есептейді. Сондай-ақ бұл ұсыныстардың бәрі 2021-2025 жылдарға арналған АӨК дамыту жөніндегі әзірленіп жатқан ұлттық жобада көрініс тапқаны жөн екенін жеткізді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.