Ашық ауада жұмыс істейтін нысандардар үшін жаңа жұмыс кестесі бекітілді - ДСМ
Тізімде жазғы алаңдар, асхана, стрит-фуд сияқты қоғамдық тамақтану нысандары бар
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой еліміз бойынша ашық ауада жұмыс істеп жатқан нысандарға қатысты жеңілдік шараларына рұқсат етілгенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Министрлік әлеуметтік-экономикалық нысандардың жұмысын шектеу шараларын жеңілдету шешімін қызметін ашық ауада жүзеге асыратын нысандар мен спорттық іс-шаралар өткізу, балаларды сауықтыру ұйымдарының қызметі бөлігінде қайта қарады. Бұл критерийлерге жаңа нысандар енгізілді, олардың қызмет ету тәртібі анықталды. Тізімде жазғы алаңдар, асхана, стрит-фуд сияқты қоғамдық тамақтану объектілері бар», - деді министр Үкімет отырысында.
Министрдің айтуынша, «қызыл» аймақтағы ашық ауада істейтін нысандарға сағат 09:00-ден 20:00-ге дейін, «сары» аймақта 07:00-ден 24:00-ге дейін, «жасыл» аймақта - 07.00-ден түнгі 02.00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат етілді. Бұл ретте қоғамдық орындарға келушілердің саны 50 пайыздан аспауы тиіс. Көше тағамдары мен ашық аттракциондардың қызметіне шектеусіз рұқсат етілді.