ШұғылҚазақстанда коронавируспен ауырғандар саны 595 мыңнан асты

Атырау облысында 207 дәрігер жетіспейді

Өңірдегі денсаулық сақтау нысандары ескірген

фото: facebook

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңесте Денсаулық сақтау жүйесіне қатысты бірқатар мәселені көтерді.

Облыс кәсіпорындарында апта сайын індет ошағы пайда болуда. Президент облыс әкіміне ірі өндірістік кәсіпорын басшыларымен бірлесіп, індеттің алдын-алу және онымен күрес шараларын уақтылы қабылдауды тапсырды. Вахталық тәсілмен істейтін жұмысшылардың денсаулығын мұқият қадағалау қажеттігін айтты. 

«Індеттің жаңа толқыны келгеннен бері жағдайы ауыр және өте ауыр науқастар көбеюде. Олардың саны соңғы бір айда екі есеге артты. Ал, емдеу мекемелерінде қажетті дәрі-дәрмек пен құрал жабдықтар әлі де жеткіліксіз екені анықталып отыр. Бұл ахуал адам өлімінің күрт өсуіне әкеп соқтыруы мүмкін», - деді Президент.

Сондай-ақ білікті мамандардың тапшылығы да жағдайды ушықтырып отыр екен. Облыста 207 дәрігер жетіспейді. Соның ішінде, ауылдық жерлерге 52 дәрігер қажет. 

«Облыс әкіміне емдеу мекемелерін дәрі-дәрмекпен және медициналық құралмен қамтамасыз етуді жеке бақылауға алуды тапсырамын. Сонымен қатар, анестезиология және жан сақтау бөлімдерін толық жабдықтауды, дәрігерлер тапшылығы мәселесін шешу міндетін жүктеймін» , - деді Мемлекет басшысы Кеңесте.    

Ресеймен шекарада автокөлікпен өтетін бекеттің болуы өңірдің эпидемиологиялық ахуалына кері әсерін тигізуде.

«Автокөліктер өтетін шекара бекетінде жауапты мекемелердің үйлесімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету қажет. Үкіметке әкімдіктермен бірлесіп, жұрт  шекарадан автокөлікпен өтетін орындарға қатаң санитарлық-карантиндік бақылау орнатуды тапсырамын», - деді Қ.Тоқаев.

Одан бөлек, іссапарға шығатын санитарлық-эпидемиологиялық сала мамандарының қызметіне барлық жағдайжасауды жүктеді. Қазіргі таңда әртүрлі штамдар пайда болып, кеселмен күрес қиындай түсті. 

«Өкінішке қарай, қауіпті дерттің кесірінен ұлтқа берері көп танымал тұлғалардан да айырылып қалып жатырмыз. Бұл – бүкіл еліміз үшін орны толмас қайғы. Мемлекет үшін әр адамның өмірі қымбат. Сондықтан, барша жұртты жауапкершілік танытуға, сақ болуға шақырамын.

Коронавирусты жеңудің ең тиімді жолы – вакцина салу екенін үнемі айтып келемін. Біз қазір халықтың жаппай вакцина алуын ұйымдастыруымыз қажет. Бұл жұмыста ірі кәсіпорындар басты назарда болуға тиіс. Мұнай компаниялары қызметкерлерінің арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге айрықша мән беріңіздер», - деп тапсырды.

Тағы бір мәселе – өңірдегі денсаулық сақтау нысандары ескірген. Үкімет әкімдікпен бірлесіп, көпбейінді аурухана, психикалық денсаулық орталығын және заманауи қалалық емханалар салу мәселесін шешуі керек.

«Айрықша күтімге мұқтаж балаларға қолайлы орта қалыптастырып, медициналық көмек беру үшін мамандандырылған сауықтыру орталығын салу мәселесін қарастыруды тапсырамын. Мектеп түлектері дәрігер мамандығы бойынша білім алуы үшін грант санын көбейту қажет. Сонымен бірге, өңірде медицина қызметкерлеріне қолайлы жағдай жасау керек.   

Қоғам өкілдері бірнеше жылдан бері облыс орталығында спортқа ерекше қабілеті бар дарынды балаларға арналған мектеп-интернат салу мәселесін көтеріп жүр. Үкіметке әкімдікпен бірлесіп бұл мәселені де қарастыруды тапсырамын», - деді ол.