«Нәтиже жоқ деуге болады»: Тоқаев тағы да автожол сапасын сынға алды
Былтыр Атырау облысында жол апатынан 69 адам адам қайтыс болған
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңесте өңірдегі жолдардың жағдайы орташа республикалық көрсеткіштен төмен екенін айтты.
«Аймақтағы республикалық маңызы бар жолдардың 85 пайызы және облыстық маңызы бар жолдардың 61 пайызының ахуалы орташа немесе жаман емес деуге болады. Бірақ, бұл – орташа республикалық көрсеткіштен төмен. Сапалы жол – қауіпсіздік кепілі», - деді ол.
Президенттің айтуынша, былтыр өңірде 232 жол-көлік оқиғасы болды. Соның салдарынан 69 адам, соның ішінде 6 бала қайтыс болды. Мұндай ахуал жыл сайын қайталануда. Әсіресе, «Орал-Атырау» тас жолына баса назар аударған жөн екенін айтты.
«Өкінішке қарай, бұл жол адам өміріне үнемі қауіп төндіріп отыр. Биылғы екі ай ішінде осы жолдың бойында 7 жол-көлік оқиғасы болып, 17 адам қазаға ұшырады. Сондай-ақ, 15 адам зардап шекті. Бір ғана жол апатынан 15 бала жетім қалды. Бұндай жағдайға жол бермеуіміз керек. Үкімет пен өңірдегі әкімдіктердің міндеті – жол қауіпсіздігін барынша қамтамасыз ету.
«Орал-Атырау» тас жолының аймақ үшін стратегиялық маңызы зор. Барлық жолаушы және жүк тасымалы осы жол арқылы өтеді. Автожолдың бойында көлік тұрағы жоқтың қасы. Шын мәнінде, жолдың сапасы көңіл көншітпейді», - деді Президент кеңес отырысында.
Президент Үкімет пен облыс әкімдіктері 2025 жылға дейін жергілікті жерлердегі жолдардың 95 пайызын жөндеп, ретке келтіруге тиіс екенін қайталап айтты.
«2019 жылдан бастап бүкіл еліміз бойынша осы мақсатқа жыл сайын республикалық бюджеттен 50 миллиард теңге бөлінуде. Жол құрылысына және оны жөндеуге жергілікті бюджеттен де қаржы жұмсалады. Нәтиже жоқ деп айтуға болады. Жөнделген жолдың көбі бір жыл өтпей жарамсыз болып қалады. Мұны ашық айту керек.
Мердігерлер өздерінің кепілді міндеттемелерін қалай орындап жатыр? Жалпы, осы жұмысқа ұзақ жылдар бойы тек белгілі бір мердігерлер ғана қатысады. Бұл сұраққа Үкімет жауап беруі керек. Мемлекеттің тапсырысын орындаймын деп келген кез келген мердігердің басты міндеті – сапалы жұмыс. Сондықтан, оларға қойылатын талап та қатаң болуға тиіс», - деді.
Еске салайық, 9 сәуірде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық және жергілікті жолдардың сапасына байланысты мәселе көтерді. Президенттің сынынан соң «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ұлан Әліпов қызметінен босатылды.
Одан бөлек, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы С.Бармақов, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыстары әкімдерінің орынбасарлары Т.Шәкімов, И.Турков және Н.Қалауовтар қызметінен босатылды.