ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 2443 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды

Мамин ЕҚҚДБ президентімен бірлескен жобаларды іске асыруды талқылады

Ол Одиль Рено-Бассомен келіссөз жүргізді

Премьер-министр Асқар Мамин Еуропалық Қайта құру және даму банкінің (ЕҚҚДБ) президенті Одиль Рено-Бассомен келіссөз жүргізді. Бұл туралы премьер-министрдің баспасөз қызметі хабарлады.

«ЕҚҚДБ-ның Қазақстандағы жұмысы кезеңінде жалпы сомасы $9,4 млрд асатын 280 жоба қаржыландырылды, оның 66%-ы – жекеменшік секторда. Инвестициялар инфрақұрылым, энергетика, ауыл шаруашылығы, IT, қаржы, ТКШ, сондай-ақ шағын және орта бизнес тәрізді экономиканың басымдықты салаларында жобаларды жүзеге асыруға бағытталды», - деді Асқар Мамин. 

Тараптар Қазақстанның энергетикалық секторын декарбонизациялау бағдарламасын, ЕҚҚДБ-ның «Жасыл қалалар» бағдарламасын іске асыру, кәріздік тазарту құрылыстарын жаңғырту, сондай-ақ шағын және орта бизнесті дамыту мәселелерін  талқылады. 

Үлкен Алматы айналма автомобиль жолын (ҮАААЖ), Алматы қаласында С.Д. Асфендияров атындағы аурухананы және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде басқа да денсаулық сақтау нысандарын салу жобаларына ерекше назар аударылды. Келіссөз қорытындысы бойынша ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев пен ЕҚҚДБ-ның Қазақстан бойынша басшысы Агрис Прейманис ҚР Үкіметі мен ЕҚҚДБ арасындағы елдің орнықты дамуы мен өсуіне жәрдемдесуге бағытталған ынтымақтастықты кеңейту бойынша әріптестік туралы негіздемелік келісімге қол қойды.

Құжат заманауи энергия тиімді және ресурс үнемдейтін технологияларды енгізу, венчурлық қаржыландыруды дамыту арқылы инновациялар мен цифрландыруға жәрдемдесу, МЖӘ-нің құқықтық және институционалдық базасын нығайту, көлік және тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымында қаржылық және экологиялық тұрақтылыққа қол жеткізу және өзара іс-қимылдың басқа да аспектілері есебінен жеке секторды қолдау, ҚР экономикасына тікелей шетелдік инвестицияларды тарту, жасыл экономиканы дамыту мәселелерін қамтиды.