Қазақстан мен Сербия арасында еркін сауда шарттары орнауы мүмкін – Бақыт Сұлтанов

Министрлік ұсынған жаңа келісімде екіжақты саудада баж салығын алып тастау және тауар санын арттыру көзделген

Қазақстан мен Сербия арасында еркін сауда шарттары орнауы мүмкін – Бақыт Сұлтанов

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Қазақстан мен Сербия арасында еркін сауда шарттары орнауы мүмкін екенін айтты.

Министрлік ұсынған жаңа келісімде екіжақты саудада баж салығын алып тастау және тауар санын арттыру көзделген. Бұл Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерге қатысты да сауда-саттықты жеңілдетпек.

«Еуразиялық экономикалық одақ елдері Сербияға ірімшік, алкогольдік ішімдіктер және темекі тауарларын бажсыз жеткізе алады. Бұрын бұл тауарларға импорттық баж салықтары салынған. Еуразиялық экономикалық одақ елдері де сербиялық ірімшік, темекі, брендиге ішкі нарыққа қол жеткізу шарттарын жақсартты», - деді Бақыт Сұлтанов.

Дегенмен, Еуразиялық экономикалық одақ құс етін, қантты, матаны, алкогольді ішімдіктерді, темекіні әкелуге, сондай-ақ компрессорлар мен моторлы көлік құралдары сияқты бірқатар өнеркәсіптік тауарларға импорттық баж салықтарын қолдануды сақтайды.

Келісім тараптары Дүниежүзілік сауда ұйымының негізгі шарттарын қолдануға міндеттеледі. Алайда Сербия ДСҰ-ның құрамына кірмейтінін ескерткен жөн.

«Сербия ДСҰ-ға мүше болмаса да, халықаралық ұйымның тиісті ережелерін орындау бойынша міндеттемелерді өзіне қабылдайды. Сондай-ақ Сербияға қазақстандық тауар экспортын ұлғайту әлеуеті 250 млн долларын құрамақ. Олар - мұнай-химия, химия, машина жасау, металлургия, құрылыс және тамақ тауарлары сияқты салалар», - деді өз баяндамасында Сауда және интеграция министрі.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.