Білім министрі мектеп сыртындағы әжетханалар туралы айтты
Мектептер мен балабақшаларда камера орнатыла бастады
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің төрағалығымен Үкімет жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның ХХVІІІ отырысы өтті.
«Мектептерде, балабақшаларда орнатылған видеокамера бойынша жақсы динамика бар. Мектеп сыртындағы әжетханалар жайында да солай айтуға болады. Біз бұл мәселені жылдар бойы көтеріп келдік. Осы жылдың басында 2352 мектепте әжетхана сыртта еді. Қазіргі таңда мектептердің 99 пайызында бұл мәселе ретке келтірілді. Дегенмен, әлі де монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатқан мектептер бар», - деді министр.
Онлайн режимде өткен отырысқа ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова, ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин, ВАК мүшелері, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың басшылары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің Балалардың құқықтарын қорғау мәселелеріне жетекшілік ететін департаменттері директорларының орынбасарлары қатысты.
Еске сала кетейік, 2019 жылы Тараз қаласында оқушы қыз зорланған еді. Ол даладағы әжетханадан шыққанда 38 жастағы күдікті тап беріп, жәбір көрсеткен. Осы оқиғадан кейін республикадағы барлық мектептің әжетханасы бойынша мәселе қайта күн тәртібіне шықты.