ШұғылКоронавирус вакцинасын салдырған қазақстандықтар саны 700 мыңға жуықтады

Сот «Бек Эйр» әуекомпаниясына қатысты министрліктің талап арызын қанағаттандырды

Тұтынушылардың шағымы келіп түсуіне байланысты бесінші талап сотқа беріледі

Фото: ашық дереккөзден

28 желтоқсанда Алматы қаласы Түрксіб аудандық соты Сауда және интеграция министірлігі тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің «Бек Эйр» АҚ-ға қатысты төртінші талап арызын қанағаттандырды. Онда 1533 адамның мүддесі ұсынылған, талап қою сомасы – 9,3 млн теңге.

Осылайша, комитет қабылдаған шаралар нәтижесінде сот тәртібімен 1678 адамның құқықтары қорғалды. «Бек Эйр» әуекомпаниясы тұтынушыларға 103,3 млн теңге қайтаруы тиіс.

Комитетке күн сайын тұтынушылардың шағымы келіп түсуіне байланысты бесінші талап сотқа беріледі.

ТҚҚК-нің «Бек Эйр» АҚ-ға алғашқы екі талабы заңды күшіне енгенін еске саламыз.

«Заңнама талаптарына сәйкес, сот шешімдерін орындауға тек сот орындаушыларына уәкілеттік берілгеніне назар аударамыз. Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заңға сәйкес атқарушылық іс жүргізу, мерзімдік жазалар туралы атқарушылық құжаттарды қоспағанда, сондай-ақ заңнамалық актілерде өзге де орындау мерзімдері белгіленген жағдайларды қоспағанда, ол қозғалған күннен бастап екі айдан аспайтын мерзімде аяқталуы тиіс», - делінген хабарламада.

Сондықтан тұтынушылар сот шешімдерін орындау бойынша қажетті және уақытылы шаралар қабылдайтын сот орындаушыларына жүгінуге құқылы.

Атқару парағы берілген сот орындаушысы туралы мәліметтерді алу үшін тұтынушылар Алматы қаласының жеке сот орындаушыларының палатасына жүгінуі қажет. Үшінші талапты Алматы қаласының азаматтық істер жөніндегі апелляциялық алқасы қарайды.

Еске сала кетейік, Bek Air әуе компаниясына қарасты Fokker 100 авиалайнері 27 желтоқсан 2019 жылы сағат 07.22-де апатқа ұшырады. Ұшақ апатынан зардап шеккендер әлі күнге дейін ешкім кешірім сұрамағанын, өтемақы алмағанын айтты.