Мәдениет және спорт саласындағы жемқорлықтың алдын алуға қатысты кездесу өтті
Іс-шараға агенттік төрағасы Алик Шпекбаев пен министр Ақтоты Райымқұлова қатысты

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Мәдениет және спорт министрілігінің басшылығы екіжақты бастамамен кездесу өткізді. Күн тәртібіндегі басты мәселе министрліктің жауапты салаларындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша өзара іс-қимыл сұрақтарына бағытталған.
Бейне байланыс арқылы өткен іс-шараға агенттіктің аумақтық департаменттері, министрлікке бағынышты ұйымдар мен комитеттер, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдарындағы салалық басқарма өкілдері қатысты.
Ақтоты Райымқұлова сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын жүзеге асыру аясында басты назар ақпараттық-түсіндірме жұмыстарына, нормативті-құқықтық базасын жетілдіруге және «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жұмысын нығайтуға бөлінгенін атап өтті.
Кеңес барысында «Мәдениет және спорт министрлігі – Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің нәтижелері туралы сөз қозғалды. Жетекшісі Марат Қамзолдаев жаз айларында жобалық кеңсе мүшелері қоғамдық ұйымдарды тарту арқылы мәдениет және спорт саласының жоғарғы оқу орындары мен колледждердің қабылдау емтихандарына мониторинг жасауға қатысқанын жеткізді.
Ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз ету мақсатында ата-аналармен кері байланыс орнатылып, көкейтесті сұрақтардың бәріне жауап берілді. Нәтижесінде тұңғыш рет ешқандай шағым түспеген. Бұл бастама жалғасын табатын болады.
Одан бөлек, Камзолдаев жобалық кеңсе күшімен бизнес-үрдістер мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алудың нақты шараларын әзірлеу үшін Қазақ ұлттық өнер университетінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы аудит өткізілгеніне тоқталды. Мұндай тәжірибе кезеңімен министрлікке қарасты оқу орындарына, сондай-ақ театралды-концерттік ұйымдарға енгізіледі.
Агенттік төрағасы Алик Шпекбаев кездесу барысында: «Мәдениет, спорт және туризм – халықтың айнасы. Бұл саладағы жемқорлық тұтастай мемлекеттің абыройына нұқсан келтіреді», - деп пікір білдірді.
Агенттік төрағасы министрлік басшылығын әр өңірдегі мәдениет үйлері мен клубтарын дамытуға, фильм дубляждарының сапасын арттыруға және мемлекеттік тілдің латын қарпіне көшу жұмыстарына қоғам өкілдерін тартуға, туризмнің инфрақұрылымын жақсартуға шақырды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамалық бастамаларды түсіндіру барысында ведомство басшысы жемқорлық құқықбұзушылықтары үшін жеке жауапкершілік нормаларын біле тұрып, алдын алу шараларын қолданбаған басшыларға қатысты жазаның қатаңдығын ескертті.
Агенттік тарапынан Спорт комитетіне өзінің бағынысты мекемелерімен бірге БҰҰ Есірткі және қылмыс басқармасының «Спортты жемқорлық пен қылмыстан қорғау» бағдарламасы аясындағы іс-шараларға қатысу туралы ұсыныс айтылды.
Аталған халықаралық ұйым «Парасаттылық жай-күйі: қоғамдық (мемлекеттік) ұйымдардағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін бағалауды өткізудің нұсқаулығы» атты арнайы ұсыным құжаты әзірлегенін атап өту керек.
Оқу нәтижесі бойынша тиісті ұйымдардың барлық деңгейде спорт «тазалығын» қамтамасыз ету потенциалының күшеюі, сондай-ақ жоба аясында мекемелермен қатар, ірі спорт іс-шараларын өткізу барысында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің ішкі талдауын ұйымдастыру күтілуде.
Кеңес соңында А. Райымқұлова агенттік ұсынымдары негізінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және парасаттылық қағидаларын насихаттау бағыттары бойынша кешенді жоспар әзірленетінін жеткізді.
Министрлік осы бағытта қосқан үлесі ретінде екі көркем фильмнің түсіру жұмыстарын аяқтауда. Келер жылы қос туынды көрермендер назарына ұсынылады.