Қазақстанда КВИ-ге қарсы екпе алдымен дәрігерлерге, педогогтер мен полиция қызметкерлеріне салынады
Екпе өндіру үшін Қазақстанда арнайы зауыт салынбайды
Қазақстан клиникалық сынамадан өтіп жатқан коронавирусқа қарсы ресейлік «Спутник V» екпесінің 2 миллион дозасын әкелуді жоспарлап отыр. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен брифингте Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Нұрлыбек Асылбеков мәлім етті.
«Екі елдің мемлекет басшыларының келісімімен ресейлік «Спутник V» екпесін елімізде өндіруге дайындық басталды. «Спутник V» екпесі сынақтың бірінші және екінші фазасынан өтті. Үшінші фазасы жақын арада болады. Вакцинаны қабылдау туралы шешім Ресейде 40 мың адам өтіп жатқан сынақ нәтижесінен кейін ғана қабылданады. Біздің өндірушілер екпені кейін шығарды. Біз ресейлік қана емес, өзге де әлемдік екпелерді сынап көреміз», - деді Нұрлыбек Асылбеков.
Ресейлік екпенің клиникалық сынамасына Қазақстан қатысып жатқан жоқ.
«Ресейлік екпені өндіруге «Инфарм» АҚ, «Нобель», қарағандылық «Фарм-комплексті» қарап көрдік. Екпе өндіруге арнайы зауыт салынбайды. Екпені өндіруге қолайлы деп қарағандылық компания танылып отыр. Екпені өндіруге мемлекет тарапынан қаражат бөлінбейді. Қаражатты өндіруші зауыт өзі шығарады. Қазір ресейлік компаниямен келіссөздер жүргізілуде. Алда 2 миллион екпе дозасының субстанциясын әкелуді жоспарлап, келісімшарт жасап жатырмыз. Екпе ең алдымен дәрігерлер, педагогтер мен полиция қызметкерлеріне салынады. Алғашқыда 3 миллион адамға екпе салуды жоспарлап отырмыз. Әр категориямен аталған мәселені пысықтаймыз», - деді бақылау комитеті төрағасының орынбасары.
Айта кететіні, қазақстандық екпе сынамадан өтіп жатыр. Отандық коронавирусқа қарсы екпенің бірінші фазасына қатысып жатқан еріктілер саны – 44 адамды құраған. Ал екінші фазаға қатысуға - 200, үшінші фазаға – 3000 адам өтінім берген. Бірінші фазадағы есеп қорытындысы бойынша, екпенің кері әсеріне шағым түсіргендер жоқ. Екпені қандай компания өндіріп жатыр және оның бағасы қанша болатыны туралы ақпарат әзірге құпия.
Еске салсақ, бүгін америкалық Pfizer екпесінің кері әсерінен 6 адам көз жұмған.
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан