Антикор мен «Әділдік жолы» ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

Ведомство басшысы қоғамды жемқорлықпен бірге күресуге шақырды

Антикор мен «Әділдік жолы» ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды
Суретте: Алик Шпекбаев, Исламбек Салжанов

Бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарыс іс-қимыл агенттігі алаңында ведомство басшысы Алик Шпекбаев пен «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов меморандумға қол қойды.

Ынтымақтастықтың мақсаты – сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша қабылданатын шаралардың тиімділігін арттыруға, парасаттылық идеологиясын ілгерілету, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жоюға бағытталған іс-қимылдарды әзірлеу және іске асыру.

Агенттік төрағасы Алик Шпекбаев атап өткендей, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке қоғамды кеңінен тарту агенттік пен ел басшылығының негізгі басымдығы болып отыр.

«Бұл – азаматтардың талаптарына және жалпы қабылданған халықаралық стандарттарға жауап беретін қазіргі заманғы сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың негізгі міндеті», - деді ол.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бүгінде азаматтық қоғаммен сындарлы әріптестіктің үздік тәжірибесін көрсетіп отыр. Бұған «Адалдық алаңы» аясындағы арнайы мониторинг топтары, ақпараттық-ағартушылық штабтар, «Адал көмек» жобасы мен жастардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалыстары сияқты сыбайлас жемқорлыққа қарсы жобаларға тартылған 100 мыңға жуық қоғам өкілдері – еріктілердің қолдауы дәлел болды.

«Сыбайлас жемқорлық біздің моральдық негіздерімізге кері әсерін тигізіп, әлеуметтік әділеттілігімізге нұқсан келтіретін және еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын тежейтін қоғам дерті. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, сыбайлас жемқорлықпен күресудің негізі сыбайлас жемқорлық орын алып жатқан оқиғаларға азаматтардың салғырт қарамауында», – деді қоғамдық бірлестік кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов.

Сондай-ақ, іс-шара барысында жемқорлықты жою жолында әр қазақстандықтың қосқан үлесінің маңыздылығы атап өтілді. Қатысушылар барша азаматты еліміздің әл-ауқатын көтеріп, гүлдендіру мақсатында сыбайлас жемқорлықпен бірге күресуге шақырды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.