«Қазақстан мемлекет емес, корпорация»: Әділет министрлігі Қазнеттегі хабарламаға жауап берді

Ведомстводағылар Қазақстанның мемлекет ретінде мойындалғанына қатысты бірқатар дәлел келтірді

«Қазақстан мемлекет емес, корпорация»: Әділет министрлігі Қазнеттегі хабарламаға жауап берді

Қазнетте «Қазақстан – мемлекет емес» деген теория талқылануда. Пайдаланушылардың бірі ресми құжаттардан «Қазақстан Республикасы корпорациясы» дегенді көргенін және мемлекеттік органдардың мөрі стандарттарға сәйкес келмейтінін айтқаннан кейін осындай қорытынды жасалып отыр. Әділет министрлігі бұл пікірді жоққа шығарды.

Пайдаланушы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ теориясына дәлел деп ойлаған болуы мүмкін.

«Қазақстан Республикасының корпорациясы» ұғымы мемлекеттік органдардың атауларында жоқ, сондай-ақ заң жүзінде еш жерде бекітілмеген. Сонымен қатар, ҚР Үкіметінің 2016 жылғы 29 қаңтардағы № 39 қаулысымен ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің «Халыққа қызмет көрсету орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорындарын қайта ұйымдастыру және қосу жолымен жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы болып қайта құрылды», - делінген ҚР Әділет министрлігінің ресми хабарламасында.

Сондай-ақ ведомстводағылар Қазақстанның мемлекет ретінде мойындалғанына қатысты бірқатар дәлел келтірді.

ҚР мемлекеттік органдарының мөрлері ҚР Үкіметінің 2018 жылғы 31 қазандағы «Мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарда құжаттау, құжаттаманы басқару және электрондық құжат айналымы жүйелерін пайдалану қағидаларын бекіту туралы» қаулысымен регламенттеледі.

Осы қаулыға сәйкес, мемлекеттік ұйымның ҚР мемлекеттік елтаңбасы бейнеленген бір мөрі болады. Қажет болған жағдайда мемлекеттік ұйымның құрылымдық бөлімшелерінде ҚР мемлекеттік елтаңбасы бейнеленген және мәтіндік мазмұны бірдей мөрлер болуы мүмкін. Бұл ретте мәтіндік бөлік реттік номермен немесе символмен толықтырылады.

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» ҚР конституциялық заңына сәйкес, Қазақстан тәуелсіз мемлекет болып саналады. Ол 1991 жылы 16 желтоқсанда қабылданды.

Бірінші жылы Қазақстанның тәуелсіздігін 108 ел мойындаған, оның 70-і дипломатиялық қатынастар орнатты. 1992 жылы Қазақстан БҰҰ, ЕҚЫҰ, кейіннен басқа да беделді халықаралық ұйымдарға мүше болды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.