$ 521.9  593.5  6.39
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
24.11.2020, 12:19
Үкімет

Коронавирусқа қарсы отандық вакцина шығаратын зауыт келесі жылы жұмысын бастайды

Қордайда ғалымдарға арнап үй салынып жатыр

Коронавирусқа қарсы отандық вакцина шығаратын зауыт келесі жылы жұмысын бастайды
Фото: primeminister.kz

Ералы Тоғжанов бастаған үкіметтік делегация Қордай ауданына барды. Жұмыс сапары барысында вице-премьер Гвардейский ауылындағы Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты жанындағы отандық иммундық препараттар шығаратын зауыттың құрылысы барысымен танысты.

Зауыттың құрылыс-монтаждау жұмыстары биыл аяқталады, қазір барлық инженерлік коммуникациялар жүргізілген. Жұмысқа 145 адам және 30 бірлік техника жұмылдырылған. Зауыт жұмысын келесі жылдың бірінші тоқсанында бастайды.

Мұнда әлемдік стандарттарға сәйкес иммунобиологиялық препараттар, оның ішінде коронавирус инфекциясына, тұмауға, туберкулезге, бруцеллезге, нодулярлық дерматитке басқа да инфекциялық ауруларға қарсы вакциналар шығарылатын болады. Жыл сайын биопрепараттардың 30-60 млн дозасын өндіру жоспарланып отыр.

Премьер-министрдің орынбасары институт қызметкерлерімен кездесті.

«Биофармацевтикалық зауыттың құрылысы және коронавирусқа қарсы отандық вакцина жасау Президенттің ерекше бақылауында. Біз бүгін барлық көкейкесті мәселелерді осы жерде талқылап, шешу үшін арнайы келіп отырмыз. Тұрғын үймен және материалдық-техникалық қамтамасыз ету, жалақыны көтеру мәселелері қазірдің өзінде шешімін табуда. Сіздерге үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Бүкіл ел сіздерге үміт артады», - деді Е. Тоғжанов.

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев ірі зауыттың салынуы аймақ экономикасының дамуына жаңа серпін беретінін атап өтті.

Бұдан соң Ералы Тоғжанов институт қызметкерлеріне арналған 60 пәтерлік үйдің құрылыс барысымен танысты. Нысанның құрылысы тамыз айында басталған, ол келесі жылдың басында пайдалануға беріледі. Тағы екі тұрғын үйдің құрылысы жоспарлануда.

Институт жұмысымен танысқан соң Ералы Тоғжанов Қордай ауданының дамуы, сондай-ақ ғылыми-зерттеу институтының өзекті мәселелерін шешу жөнінде кеңес өткізді.

Серіктес жаңалықтары