ШұғылБір аптада коронавирустан 73 қазақстандық қайтыс болды

Зейнетақы жинағының бір бөлігін алушылар 10% табыс салығын бөліп төлейді

2021 жылдан бастап зейнетақы жинағын баспана сатып алу, емделу, қаржы компанияларына басқаруға беру үшін пайдалануға рұқсат етіледі

Фото: Батыржан Беспаев

Келесі жылдан бастап қазақстандықтар зейнетақы жинағының бір бөлігін мерзімінен бұрын алған кезде, 10% табыс салығын бөліп төлейді. Бүгін Парламент тиісті заңды қабылдады.

12 қарашада сенаторлар зейнетақы қорындағы қаражатының бір бөлігін пайдаланған жағдайда алынатын табыс салығын кейінге шегеруді және бірнеше жылға бөліп төлеуді ұсынды. Бүгін Мәжіліс Салық кодексіне сенаторлар енгізген түзетулерді мақұлдады. Оған сәйкес, 2021 жылдан бастап зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алатын азаматтарға 10% табыс салығын төлеу мерзімін кейінге қалдыру құқығы беріледі.

Еске сала кетейік, 2021 жылдан бастап қазақстандықтарға зейнетақы жинағын баспана сатып алу, емделу, қаржы компанияларына басқаруға беру үшін пайдалануға рұқсат етіледі. Ақша адамның жеке шотына аударылмайды және қолма-қол берілмейді.

1 қыркүйектегі жағдай бойынша, Қазақстанда шотында зейнетақы жинағы бар 10,8 млн-нан астам салымшы тіркелген. Оның 5,6 млн-нан астамы ерлер болса, 5,2 млн-нан астамы – әйелдер.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында 2021 жылы БЖЗҚ-ның 700 мың салымшысы өз жинағының белгілі бөлігін үй алу, емделу үшін пайдалана алатынын немесе қаржы ұйымдарының басқаруына бере алатынын хабарлаған еді.