ШұғылБір тәулікте 1397 адамнан коронавирус анықталды

Бозжырада қонақүй салуға жұрттың бәрі бірдей қарсы емес – Экология министрлігі

Министрлік өкілі Каспий итбалығының Қызыл кітапқа енуі, Бозжырада қонақүй салу мәселесі туралы түсіндірді

Маңғыстау облыстық Экология департаментіне өндіріс орындары аумағындағы 12 түрлі ластаушы көздерді анықтайтын дрондар сатып алынуда. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің әлеуметтік желідегі тікелей эфирінде өңірлік департаменттің директоры Руслан Төкенов айттты.

«Экология департаментіне соңғы үлгідегі дрон сатып алынып жатыр. Ол 12 түрлі ластаушы көздерді онлайн режимде анықтай алады. Жеті шақырым радиус бойынша үш жарым шақырым биіктікке ұшыруға болады. Видео, фотофиксациясы бар. Қазір аталған құрылғы сату-сатып алу процесінен өтіп жатыр. Келер жылдан бастап қолданысқа енгіземіз. Дрондарды көбіне өнеркәсіп кәсіпорындарының аумағында, зауыттардың, кен орындарының төңірегінде пайдаланамыз. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда дрон қолданылмайды. Сондықтан мәселе болмауы тиіс», - деп атап өтті Руслан Төкенов.

Айта кетейік, биыл Маңғыстау облысы бойынша кәсіпорындарға қоршаған ортаға келтірген зияны үшін 2,8 млрд теңге айыппұл салынып, оның 90%-ы өндірілген. Тікелей эфирдегі сұхбатта Руслан Төкенов өңірдегі экологиялық мәселелерді шешу бойынша бекітілген жол картасына кеңінен тоқталды.

«Жол картасы жеті тараудан, отыз алты бөлімнен тұрады. Шығарындыларды азайту, көгалдандыру, қалдықтарды басқару, тарихи ластану орындарын реттеу, биоалуантүрлілікті қорғау және тағы да басқа экологиялық мәселелердің бәрі осы құжатқа енгізілген. Министрдің тапсырмасы бойынша, біз тоқсан сайын жергілікті халықпен кездесіп, атқарылған жұмыс бойынша есеп беріп отырамыз. Онда шешілген мәселелерді, шешімін таппаған дүниелерді баяндап, себебін де түсіндіреміз», - деді департамент басшысы.

Жақында Қазақстанның Қызыл кітабының сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар жануарлар тізіміне енгізілген Каспий итбалығының ахуалы да сұхбатқа арқау болды.

«Каспий жағалауынан кейде өлі итбалықтардың табылып жататыны жасырын емес. Көп жағдайда оған итбалықтың браконьерлік ауға оралып қалуы себеп болады. Биыл әкімдіктің қатысуымен теңіздегі біраз жер заңсыз аудан тазартылды. Егер бұл жұмыс жалғасса, оң нәтиже болатыны сөзсіз. Ал итбалықтардың Қызыл кітапқа енуі бізге жаңадан ерекше қорғалатын аймақтар құруға мүмкіндік береді», - деп атап өтті Р. Төкенов.

Өңірдегі қоқыс проблемасы туралы айтылғанда соңғы уақытта жұртшылық талқысына түсіп жатқан Бозжыра шатқалының тазалығы да назардан тыс қалмады.

«Есеп бойынша биыл Бозжыраға 2000 адам барған. Оның әрқайсысында өздерімен бір бөтелке су болды десек, жартысы саналы түрде бос бөтелкесін алып кетеді. Қалған мыңынан қалдық су жерде қалады. Алдағы жылы шатқалға он мың турист келеді деп күтілуде. Яғни, біз қоқыс мәселесін қазірден реттеп, оны тастайтын орындарды дайындап, қонақүй салатын инвесторға міндет жүктеуіміз қажет. Жалпы, қонақүй Бозжыра шатқалынан алыс орналасса, экологиялық талаптар орындалса, жоба дайын болғанда халыққа таныстырылса, сонымен қатар, айналада киелі орындар болғандықтан түнгі мезгілде тыныштық режимі сақталса, бұл жобаға жұрттың бәрі бірдей қарсы емес», - дейді департамент басшысы.

Сұхбат кезінде 105 млн тонна радиациялық қалдық төгілген Қошқар ата қалдық қоймасы, Шетпе маңындағы карьерлер, экологиялық мәдениет, жаңа Экологиялық кодекстің жергілікті жердегі ахуалды жақсартуға тигізетін септігі және тағы да басқа қордаланған проблемалар сөз болды.

Айта кетсек, жуырда әлеуметтік желі беттерінде Маңғыстау жеріндегі Бозжыра табиғи ескерткішінің аумағынан қонақүйдің құрылысы басталғаны жөнінде видео тараған болатын. Осы жағдайға байналысты бір топ маңғыстаулық белсенді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмовқа ашық хат жолдап, нақты талап қойған еді.

Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли қоғамдық кеңестер мен эколог сарапшылардың пікірі ескеріліп, қонақүй салуға арналған басқа ыңғайлы жер таңдалатынын айтты.