Маңғыстаулық белсенділер Бозжыра шатқалында қонақүй салуға қатысты бірнеше талап қойды
Белсенділер Тоқаев пен Трұмовқа үндеу жолдады

Жуырда әлеуметтік желі беттерінде Маңғыстау жеріндегі Бозжыра атты аса ғажап, табиғи ескерткіштің аумағынан Сафари Отель салу туралы жобаның эскиздік нұсқасы және сол жерге құрылыс материалдарын төгіп бастаған жұмыстардың видеокөрінісі пайда болды. Бұл қоғамдық ортада, оның ішінде табиғат жанашырлары, эколог, өлкетанушы мамандар арасында қарсылыққа ұшырап, қызу талқыланатын тақырыпқа айналды.
Осы жағдайға байналысты бір топ маңғыстаулық белсенді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмовқа ашық хат жолдап, нақты талап қойды.
Оқи отырыңыз: Бозжырада салынатын қонақүй аумағы 5-6 га шамасында болуы мүмкін – әкімдік
Біріншіден, Бозжыра – атының өзі айтып тұрғандай ерекше топоним. Боз атауы – боз інген, боз дала секілді тек түске ғана емес, ұлттың ішкі ментальдық табиғатына, психологиялық сипатына айналған құбылыс һәм құнды ұғым!
Екіншіден, Бозжыра – миллиондаған жылдар бойы Жаратушының Табиғат атты шеберханасында қашап жасалған сұлу мүсіндей ғажап ескерткіші!
Үшіншіден, Бозжыра - бір қарағанда қу медиен дала, құла түз секілді көрінгенімен өзінің тау-тасына тән жыбырлаған жәндігі, жортқан-ұшқан аң-құсы бар ерекше тірі организм!
Төртіншіден, Бозжыра - көрген жан «Ай пейзажы» деп таңқаларлықтай ерекше геоландшафт, сұлу панорама!
Бесіншіден, Бозжыра - осы уақытқа дейін қандай да бір өндіріс, адам қолы, ауыр техника тимеген, тазалығы мен тұнықтығын, тұмсалығын жоғалтпаған уникум!
«Біз XXI-ші ғасырдың өркениетті Тәуелсіз Қазақстанның оқыған, сауатты, мәдениетті, жаңа уақыт көшіне ілесуге ұмтылып жүрген саналы азаматтары, есімізден бір нәрсені шығарып алғандаймыз. Дәл осы топырақ, дәл осы локацияда ең алғашқы органикалық шөгінділер жиналып, өміршең клеткалар пайда болған кезден бастап, адамзаттың алғашқы қауымы да, әрідегі жабайы аңдар да, аңшылар да, берідегі тайпалық, топтық құрылымдар да, қауымдар мен одақтар, ұлт-ұлыстар да, хандықтар мен мемлекеттер, тіпті империялар, барлығы да Жаратқан Иенің заңына қарсы шығып, қоршаған ортасына опасыздық, табиғаттың аманатына қиянат жасаған емес! Енді келіп, Қазақстан атты мемлекет құрып, азат ел болып, адамзатқа сай, өркениетке лайықты өмір сүреміз дегенде тауып отырған шешіміміз, ұсынып отырған идеямыз мынау болғаны ма?!.. Рас, шикізат өндірісіне әбден байланған біртекті экономикамызды әртараптандыру қажет-ақ», - делінген қоғам белсенділерінің үндеуінде.
Қоғам белсенділері Маңғыстау секілді «аспан астындағы мұражай» атағы бар өңірде туризм саласын дамыту өте маңызды екенін айта келе, туризмді қолдайтынын, инвестицияға мұқтаж екенін де айтты.
«Әлемдік бренд «RIXOS» қонақүйлері желісінің иесі, түрік азаматы Феттах Таминдже бизнесменге Каспий жағасынан жаңа қонақүй салғаны үшін ризашылығымызды білдіреміз, әрине. Бірақ, бұл өңірдің тұмса табиғатын бұзуға, жергілікті елдің алдағы күндерге деген сенімі мен жігерін таптауға ешкімге де хұқық берілмейді. Сондықтан да, Таминджи мырзаны бизнесті әлемдік өркениет талаптарына сай және еліміздің осы саланы реттейтін заң талаптары шеңберінде жүргізуге шақырамыз», - дейді жазбасында.
Белсенділердің Бозжырада қонақүй салуға қатысты қойған талабы төмендегідей:
- Бозжыра шатқалына және Маңғыстау түбегіндегі осы секілді туристік әлеуеті жоғары табиғи объектілер Жығылған, Тамшалы, тағы да басқа табиғаты әсем, табиғи ерекшеліктері бар орындарға антропогендік кері әсерлердің алдын алу мақсатында жергілікті маңызы бар «Мемлекеттік табиғат ескерткіші» мәртебесі беріліп, ол жерлердің алдын-ала белгіленген шектеулі аумақтарында қорықтық режим орнатылуы тиіс;
- Сафари-Отель жобасын (ары қарай - жоба) Бозжыраның түбіне, табиғи ескерткіштің сипатына, аумағына қандай да бір механикалық қана емес, көлік қатынасы, әуе жолдары арқылы әсер етуі мүмкін факторлардан алшақтықты қамтамасыз ете отырып, жүргізу;
- Жобаға қажетті жер телімін көру мен тамашалау алаңшасына, жеке гигиена мақсаттарына ғана деп бөлу, әрі көлемін 4 гектарға дейін азайту! Аумақтық шектеу дала туризмі кезінде қадағалау, тәртіпті сақтау, табиғатқа келетін зиян мөлшерін шектеуге, қауіпсіздік шараларына мүмкіндік береді және жердің бөлшек саудаға түсуінің алдын алады;
- Бозжыра маңайындағы қоқыс жинау, тазалау, залалсыздандыру, тасымалдау жүйесіне жауапкер тұлға бекітілуі тиіс;
- Болашақта, өңірде жүзеге асырылатын кез келген жобалық құрылыс нысандарын, орталықтарды Бозжыра секілді табиғи орындардың төңірегіне орналастыруға мүлдем болмайды. Керісінше, облыстағы елді мекендердің дамуына жаңа серпін, әлеуметтік ахуалға оң әсер беру мақсатында сол Жобалар іске асырылатын аймақтардағы Қызылсай, Сенек, Бостан секілді елді мекендерде орналастырылуы керек;
- Жоба Халықаралық табиғатты қорғау нормаларына, келісімдеріне және Қазақстан Республикасының Табиғатты пайдалану, экология, туризм, кәсіпкерлік, сәулет және құрылыс тағы да басқа осы саланы реттейтін заң талаптарына сәйкес жүргізілуі тиіс;
- Сафари-Отель жобасы бойынша жергілікті атқарушы билік лоббист позициясынан арылып, объективті бағытты ұстанған функцияналды міндеттерін атқаратын мемлекеттік орган ұстанымына көшуі қажет;
- Барлық аймақта жүзеге асырылмақшы жобалар бойынша міндетті түрде алдын-ала жарияланып, мүдделі қоғамдық ұйымдар қатынастырылған ашық қоғамдық тыңдау өткізіліп, пікір-ұсыныстар ескерілуін талап етеміз!