Дәленовтің болжамы: 2019 жылы Қазақстан экономикасының өсімі 4,4%-дан кем болмайды
Министрдің айтуынша, 2019 жылдың қалған жиырма жұмыс күнінде бұл көрсеткіш төмендемеуі тиіс
2019 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасының жалпы ішкі өнімінің нақты өсімі 4,4%-дан кем болмайды. Бүгін Үкімет сағатынан кейін журналистердің сұрағына жауап берген Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов осындай болжам келтірді.
«Өздеріңіз білетіндей, 10 айдағы жалпы ішкі өнімнің өсімі 4,4% құрады. Бұл жақсы өсім. Былтыр бұл көрсеткіш 4,1% болды. Ал, биылғы жылдың қорытындысын толыққанды айту қиындау, өйткені, қысқа мерзімді болжамдарды дәл табу қиын. Жылдың аяқталуына бір ай, тіпті, 20 жұмыс күні ғана қалды. Дегенмен, 10 айдың нәтижесі сақталуы тиіс», - деді Руслан Дәленов.
Естеріңізге сала кетейік, министрлік биыл елдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы өсімді 3,8% деп болжаған. Бұл көрсеткішке мұнайдың бір баррелі 55 доллардан сатылғанда қол жетуге болады деп болжанған. 2018 жылы Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 4,1% өсімді құраған.
Кенжекей Тоқтамұратқызы, Нұр-Сұлтан