Асқар Мамин ЕАЭО-ның бәсекеге қабілеттілігін нығайту бастамасын көтерді
ҚР Премьер-министрі Ереван қаласына сапары аясында Еуразиялық үкіметаралық кеңесі отырысына қатысты
ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин Ереван қаласына сапары аясында Еуразиялық үкіметаралық кеңес (ЕҮАК) отырысына қатысып, онда жаңа экономикалық шынайылық жағдайында ЕАЭО-ның бәсекеге қабілеттілігін нығайту бойынша бірқатар бастама көтерді. Бұл туралы Үкімет басшысының баспасөз қызметі хабарлады.
Үкімет басшысы еркін нарықтардың тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында цифрлық интеграциялық платформаны пайдалану және салық, кеден органдарының кеңейтілген электрондық өзара іс-қимылы негізінде ЕАЭО-ның салықтық-кедендік сенім кеңістігін қалыптастыруды ұсынды.
«Мұндай жағдайда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Одақтың мүдделі елдерімен ортақ тауар бөлу желісін құру мүмкіндігін пысықтау туралы ұсынысы аса өзекті. Елдеріміздің географиялық орналасуын ескерсек, ЕАЭО Еуропа мен Азия арасындағы «сауда хабына» әбден айнала алады», — деген А. Мамин ҚР-да құрылатын Ұлттық тауар өткізу жүйесінің моделін ауқымдандыруды және Еуразиялық тауар өткізу жүйесін қалыптастыруды ұсынды.
Премьер-Министр күш-жігерді Еуразиялық зияткерлік көлік жүйелерін құруға шоғырландыру қажет екенін атап өтті, бұл қазіргі инфрақұрылымды неғұрлым тиімді пайдалануға және тасымалдаушылар мен тауар өндірушілердің шығыстарын оңтайландыруға мүмкіндік береді.
Үкімет басшысы ЕАЭО-да стратегиялық өткізу пункттерінде бірлескен тірек сынақ зертханаларын құру туралы бастама көтерді, бұл өнімнің үшінші елдердің талаптарына сәйкестігін растауға арналған шығыстарды айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді.
Отырысқа қатысушылар Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарының жобасын, трансшекаралық электрондық сауданы дамыту, ЕАЭО ішкі нарығындағы шығарып тастау мен шектеулерді жою жөніндегі жұмыс барысын, өткен жылғы ЕАЭО бюджетінің атқарылуы туралы есептерді, ЕАЭО-ның 2021 жылға арналған бюджетін қарады. Экспортты дамытудың бірлескен шаралары және агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2020-2021 жылдарға арналған бірлескен болжамдары туралы өкімдер қабылданды.