ШұғылCOVID-19: Қазақстанда 14 адам өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған

Пандемиядан ең көп зардап шеккен туризм және қонақүй бизнесі – Біржан Нұрымбетов

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі COVID-19 пандемиясының зардаптары туралы айтты

Фото: ашық дереккөзден

Қазақстанда пандемиядан ең көп зардап шеккен туризм және қонақүй бизнесі. Бұл туралы Үкіметте Біржан Нұрымбетов айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Еңбек министрлігінің басшысы коронавирустық пандемиядан туындаған жаһандық дағдарыс жалпы әлемдік экономикаға айрықша әсер етті дейді.

«Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша халықты қолдау және экономиканы тұрақтандыру бойынша шұғыл шаралар кешенін қабылдады. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан кірісті жоғалтқаны үшін бір реттік ең төменгі жалақы мөлшеріндегі әлеуметтік төлем - 11 және 2 мамыр аралығындағы төтенше жағдай кезеңінде 4,6 миллион адамға, 5 шілде мен 17 тамыз аралығында карантинді күшейту кезінде 2,4 млн адамға тағайындалды. Шығыстардың жалпы сомасы 475 миллиард теңгенден астам құрады. Халықтың әлеуметтік осал топтарына, оның ішінде жұмыссыздарға азық-түлік, тұрмыстық жиынтық ретінде 2 АЕК көлемінде төлем жүргізілді. Мұндай төлемді наурыз-мамыр айларында 1 миллион адам, ал шілдеде 1,1 миллион адам алды», - деді ол.

Министрдің айтуынша, қабылданған шаралар нәтижесінде ішкі еңбек нарығы үшін ауыр зардаптардың алдын алуға, жұмыс орындарының жаппай қысқартылуына және жұмыссыздықтың айтарлықтай өсуіне жол бермеуге мүмкіндік туды.

«2020 жылы басқа мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жұмыс орындарын құру қарқынын ұстап тұру мүмкін болды. 8 айда 238 мың жұмыс орны құрылды. Бұл іске Нұрлы жол (117 мың), Нұрлы жер (28 мың), Цифрлық Қазақстан (25 мың) бағдарламалары ең көп үлес қосқан», - деп атап өтті министр.

Сондай-ақ Біржан Нұрымбетов COVID-19 пандемиясы және карантиндік шектеу шараларын бірнеше рет енгізу ықтималдығы жағдайында ҚР Үкіметі Еңбек бағдарламасын, Жұмыспен қамтудың жол картасын және басқа да мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру аясында халықты жұмыспен қамтамасыз ету және жұмыс орындарын құру бойынша жедел және жүйелі шараларды қабылдауға дайын екенін атап өтті.