Коронавирустың екінші толқынында қанша қазақстандық жұмыссыз қалуы мүмкін
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болжамдарымен бөлісті
Қазақстанда коронавирустың екінші толқыны кезінде 162 мың адам жұмыссыз қалуы мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтың айтуынша, коронавирустың екінші толқыны және шектеу шараларын қабылдау жағдайында 2,2 млн қазақстандық мемлекеттік қолдауға мұқтаж болуы мүмкін.
«Біздің болжамымызға сәйкес, жұмыспен қамтылған халықтың жартысына жуығы өз жұмыс режимін сақтай алады – ол 4 млн адам. Бұл негізінен ауыл шаруашылығында, құрылыста, өнеркәсіпте және денсаулық сақтауда жұмыс істейтін адамдар болады деп болжанып отыр. Ал 2,5 миллион адам қашықтан жұмыс режиміне ауыса алады», - деді ол.
Бұл ретте 2 млн адамның жұмыс уақыты қысқарып, олар ақылы немесе ақы төленбейтін демалысқа кетуі мүмкін, деді министр.
«Мәселе сауда, көлік, қызмет көрсету, тұру және тамақтану саласындағы қызметкерлер туралы. Кейбір болжамдар бойынша, 162 мың адам жұмыссыз қалуы мүмкін», - деп сөзін түйіндеді министр.