2017 жылдан бері елімізде 1 миллион тұрақты жұмыс орны құрылған
Шағын және орта бизнес саласында жұмыспен қамту үлесі 11%-ға өсті
Соңғы төрт жылда «Еңбек» бағдарламасына 2 миллионнан астам адам қатысып, 1 миллионы тұрақты жұмыс орнымен қамтылған. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«2017 жылдан бері бағдарламаға 2 миллионнан астам адам, оның ішінде биыл 430 мың адам қатысты. Бағдарламаның алғашқы бағыты бойынша 394 мың адамды үш компонент: техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында, қысқамерзімді курстарда және де «Бизнес Бастау» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқыту қарастырылды. Екінші бағыт шеңберінде 111 мың адамға кәсіпкерлікті дамытуға көмек көрсетілді. Үшінші бағытта субсидияланатын жұмыс орындарына орналастыру және халықтың еңбек ұтқырлығын арттыру арқылы 598 мың адам жұмыспен қамтылды», - деді Біржан Нұрымбетов.
Айта кетерлігі, бағдарламаға қатысушылардың есебінен шағын және орта бизнес саласындағы жұмыспен қамту өсімі 11%-ды құрайды.