$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
24.09.2020, 12:28
Үкімет

Жастарға жақсы жұмыс табу үшін алты айлық тәжірибе жеткілікті – Еңбек министрлігі

Депутаттар жастардың ақылы тәжірибеден өту мерзімін бір жылға созу мәселесін көтерді

Жастарға жақсы жұмыс табу үшін алты айлық тәжірибе жеткілікті – Еңбек министрлігі
Көрнекі сурет: Біржан Нұрымбетов және Айгүл Нұркина

Бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында депутат Айгүл Нұркина Еңбек министрлігі жастарды қазіргідей алты ай емес, бір жыл бойы ақылы тәжірибеден өткізу («Еңбек» бағдарламасы бойынша) мәселесін қарастыра ма дегенді көтерді.

Депутаттың сауалына жауап берген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов кейбір жастардың 4,5 айдан кейін басқа жақсы жұмысқа ауысып жататынын, сондықтан, алты ай тәжірибе жеткілікті мерзім екенін айтты. Дегенмен, Еңбек министрі депутат көтерген мәселе болашақта ескерілетінін айтты.

«Алты айдан бір жылға созу (тәжірибе мерзімін – авт.) бұған дейін де айтылған. Бірақ біз қазіргі тәртіпті сақтауды ұстанамыз. Себебі, жас маман жұмысқа тұрайын десе тәжірибесі жоқ, ал тәжірибе жинайын десе, оны ешкім жұмысқа алмайды. Сондықтан, әлем елдерінің көбі алты ай уақыт мемлекет есебінен төленетін тәжірибе ұсынады. Жас маманның қабілетін байқап, тәжірибе жинау үшін осы алты ай жеткілікті. Тіпті, тәжірибеден өту мерзімі аяқталмай жатып, 4,5 ай ішінде жақсы жұмыс табатын жастар бар», - дейді Нұрымбетов.

Ведомство басшысы ескерткендей, «Еңбек» бағдарламасы бойынша ақылы тәжірибеден өткізу бағытының бюджеті шектеулі. Министр егер тәжірибеден өту мерзімі созылса, ынталандыру эффектісі де төмендейтінін айтады.

«Егер мерзімін екі есе созсақ, қатысушылар санын да екі есе қысқарту керек. Ең бастысы, жұмыс беруші бұл тетік бойынша ештеңе жоғалтпайды. Сондықтан, алты ай тәжірибе мерзімі - әзірге ең оңтайлысы», - деді Нұрымбетов Үкімет сағатында.

Айта кетейік, соңғы үш жылда оқыған мамандығы бойынша жұмыс істемеген, 29 жасқа жетпеген жас мамандар «Еңбек» бағдарламасы арқылы ақылы тәжірибеден өте алады. 6 ай бойы оған 25 АЕК (69 450 теңге) көлемінде еңбекақы төленеді.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары