$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
05.08.2020, 13:31
Үкімет

«СҚ-Фармация» қоймаларының жұмысы 24/7 режиміне көшірілді

Асқар Мамин «СҚ-Фармация» хабына барып, КВИ-ге арналған дәрілердің бар-жоғымен танысты

«СҚ-Фармация» қоймаларының жұмысы 24/7 режиміне көшірілді
Фото: primeminister.kz

Үкімет басшысы Асқар Мамин Нұр-Сұлтан қаласындағы «СҚ-Фармация» логистикалық хабына барып, онда коронавирустан емдеуге арналған дәрілердің бар-жоғымен және ҚР денсаулық сақтау мекемелерін медициналық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралармен танысты.

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мен «СҚ-Фармация» басқарма төрағасы Ерхат Есқалиев ауруханалар мен провизорлық орталықтарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін дәрілік препараттардың 91 атауы жеткізілетінін баяндады. Өткен айда өңірлер бойынша 8,7 млрд теңгеге медициналық препараттар бөлінді. Ауруханалардың қажеттілігін қамтамасыз ету үшін жедел түрде қосымша дәрі-дәрмектер сатып алынды, емделушілер амбулаториялық деңгейде тегін ала алатын дәрі-дәрмек тізімі кеңейтілді (парацетамол, ибупрофен, ривароксабан, дабигатран және апиксабан енгізілді).

Егер пандемияның екінші толқыны басталатын жағдай болса, компанияда 24 млрд теңге сомасына екі айлық дәрі-дәрмек қоры құрылуда, сондай-ақ карантин кезеңінде жекеменшік дәріханаларды нарық өз бетінше толықтыра алмайтын 19 тапшы дәрі-дәрмекпен жабдықтау мәселесі пысықталып жатыр. «СҚ-Фармация» оларды қалалар мен ауылдық елдімекендердегі әр дәріханаға дейін толық жеткізеді.

Үкімет басшысына компанияның логистикасын жақсарту шаралары туралы баяндалды: жоспарлы рейстер саны 1,7 есеге артты, тиеу мерзімі 2 аптадан 1 аптаға дейін қысқартылды, тауарларды хабтардан өңірлерге бөлу Cross-docking қағидаты бойынша жүзеге асырылады, ал қоймалардың жұмысы 24/7 режиміне көшірілді.

Премьер-министр өңірлерге дәрі-дәрмектің тиелуін ерекше бақылауға алуды, күзгі-қысқы маусымда COVID-19-дан емдеу үшін барлық қажетті медициналық препараттардың болуын қамтамасыз етуді, дәрі-дәрмектерге қажеттілік артқан жағдайда шұғыл әрекет етуді, сондай-ақ бөлшек сауда секторын тапшы дәрі-дәрмекпен толықтыру бойынша тапсырманы орындауды қамтамасыз етуді тапсырды. Медициналық өнімдер мен дәрілік препараттарды отандық өндірушілерді қолдау бойынша жүйелі шараларды қабылдау қажеттігіне ерекше назар аударылды.

«СҚ-Фармация» логистикалық хабын аралауға Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова қатысты.

Серіктес жаңалықтары