Экология министрлігі жануарларды қорғауға қатысты жаңа заң жобасын қоғам талқысына ұсынды
Жаңа заң күшіне енсе, жан-жануарларға қорлық көрсететіндердің жазасы ауырлайды
Экология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев кинолог, ветеринар, заңгер және белсенді еріктілермен «Қазақстандағы жануарлар құқығын қорғау туралы заңға өзгеріс енгізу» мәселесін талқылады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Мырзағалиев соңғы кездері Қазақстанда жануарларға көрсетілген қатыгездіктердің жиі орын алуына байланысты Экология және табиғи ресурстар министрлігі жануарлар құқын қорғау заңын қатайту мақсатында жоба әзірлеп жатқанын мәлім етті.
«Қоғамның гуманды ойлау жүйесі мен жануарларды қорғау мәдениетін дамыту керекпіз. Бұл жұмысқа белсенділер ғана емес, ел азаматтары жұмыла кірісуі тиіс. Ол үшін жануарларға қатыгездік танытушыларға қатысты заңды күшейтуіміз қажет. Біз әзірлеп жатқан заң жобасында жануарларды асырау, оларды асырайтын мекеме құрылыстарының стандарттары, үй жануарларымен серуендеу ережелері, көшеде қаңғып жүрген мысықтар мен иттерді аулау, оларды ату, зообақтардағы жануарлардың жағдайына қатысты заңды күшейту туралы мәселелерін жан-жақты қарастырып жатырмыз. Әзірше аталған заң тек жоба күйінде талқыланып жатыр. Егер қандай да ұсыныстарыңыз болса Экология және табиғи ресурстар министрлігінің ресми сайтына хат жолдауларыңызға болады», - деді министр.
Заңгер Ольга Ченцова ҚР Жануарларды қорғау туралы заңындағы 316-бапқа және басқа да құқықтық нормативтік актілерге қажетті өзгерістерді ұсынды.
«Елімізде жануарларды қорғау туралы заңда бірнеше акт жетіспейді. Атап айтар болсам, жануарларға қатысты гумандық көзқарастың базалық принціптері, жеке терминологиялардың бір-біріне сәйкес келмеуі, ҚР ҚК 316-баптың тиімсіздігі, жануарлардың құқықтық режимі, экперимент жүргізілетін жануарлардың қорғалмауы, зооқонақүйлер және жануарларды оңалту орталықтарының аздығы мен Жануарлар денсаулығы кодексінде халықаралық практикалардың қабылданбауы. Сол себепті, жануарларды қорғау заңына қатаң өзгеріс керек», - деді Ченцова.
Өз кезегінде, кинологтар мен еріктілер көшеде қаңғып жүрген иттер мен мысықтарды өлтірудің де аса қатыгездікпен жүзеге асатынын айтты. Бір ғана Алматыда 5 жылдың ішінде жануарларды қорғауға бөлінген қаржы 352 миллион теңгені құраған. Жаңа ұсынылған заңның қашан қабылданатыны әзірше белгісіз.
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан