$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
30.07.2020, 18:49
Үкімет

Қазақстандықтар көшеде де маска тағуға міндетті – министр бұл әдістің тиімділігін түсіндірді

Қазақстан аумағында маска тағуды міндеттейтін бұйрық күшіне енді

Қазақстандықтар көшеде де маска тағуға міндетті – министр бұл әдістің тиімділігін түсіндірді
Фото: ortcom.kz

Бүгін Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой коронавирустың таралуын шектеу үшін 30 шілдеде азаматтарды қоғамдық орындар мен көшеде маска тағып жүруге міндеттейтін бұйрық шығарды. Министр маска тағудың тиімділігін түсіндіруге тырысты.

«Біз шет елдердің жабық ғимаратпен қоса, сыртта да, қоғамдық көлікте және басқа да жерлерде маска тағуға міндеттейтін тәжірибесін зерттедік. Мысалы, АҚШ-тың 43 штатында, Польшада азаматтар далада да, жабық нысанда да маска киюге міндетті. 23 шілдеде мұндай талап Австралияда да енгізілді. Бірнеше ай бұрын масканы міндеттеген Словакия мен Вьетнамда вирустың таралуы төмен деңгейде қалды», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Министр маска тағудың тиімділігі жөніндегі пікірталасқа нүкте қойылғанын жеткізді.

«Көптеген зерттеу жасалып, ғалымдар маска тағу карантин және әлеуметтік арақашықтықты сақтаумен бірге, коронавирус пандемиясын бақылауға мүмкіндік береді деген тоқтамға келді», - деп айтты бұған қатысты.

Маска тағуды міндеттейтін бұйрық Қазақстан аумағында жарияланған күннен бастап күшіне енеді. Оны орындамаған жеке тұлғаға да, заңды тұлғаға да айыппұл салынады. Журналистер министрден «Адамдар мейрамханада тамақ жеп жатқанда, спортшылар жүгіргенде масканы шеше ала ма?» деп сұрап көрді.

«Масканы азаматтар немен айналысып жатқанына қарамастан, барлық жерде тағуы тиіс. Жас ерекшелігіне қарамай барлық жерде тағуға міндетті. Кафенің ауласында тамақтану уақытындағы ережеге келсек, ол жерде әлеуметтік арақашықтық регламенті болады. Үстелдер бір-бірінен бірнеше метр алыста тұрады», - деп жауап берді оған Цой.

Министр азаматтарды вирусты бірге жеңуге шақырды. Себебі, коронавирустың таралуын шектеу 30% ғана денсаулық сақтау жүйесіне, қалған 70% жағдайда адамдардың талаптарды орындауына байланысты екен.

Еске сала кетейік, бүгін Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова 2020 жылдың 27 шілдесінде «Қазақстан Республикасының мемлекеттік бас санитарлық дәрігерінің 2020 жылдың 26 маусымындағы №43 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа қаулыға қол қойды. Қаулыға сәйкес, адамдардың бәрі жабық нысандарда, көлікте, далада болған кезде маска тағуға міндеттеледі.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары