Тамыз айында 42 500 теңге төлемнің жартысы беріледі – Ералы Тоғжанов
Карантин кезінде табысынан айырылғандарға тамыз айында 21 250 теңге беріледі
Қазақстанда карантин шаралары тағы екі аптаға ұзартылды. Мемлекеттік комиссияның отырысында қабылданған бұл шешім жайлы ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов мәлім етті.
«Елімізде жағдай жақсарып қалғанымен, босаңсуға ешбір негіз жоқ. Карантин шараларын тағы екі аптатаға ұзарту туралы шешім қабылданды», - деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, 29 шілде күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда карантин режимін тағы 2 аптаға ұзартуды тапсырды.
Карантин режимінің тағы 2 аптаға созылуына байланысты БАҚ өкілдері «42 500 теңге көлеміндегі біржолғы төлем тамыз айына да беріле ме?» деген сұрақ жолдады. Оған вице-премьер Ералы Тоғжанов жауап беріп, тамыз айында 42 500 теңге емес, оның жартысы берілетінін айтты.
«Бұл мәселе бойынша бүгін Президент тікелей тапсырма берді. Тамыз айына 42 500 теңгенің жартысы, яғни 21 250 теңге төленеді», - деді Ералы Тоғжанов.
Қазақстанда карантин режимі тағы 2 аптаға созылса, ол шамамен, 16 тамызда аяқталады.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан