Үкімет алма және алмұрттан алынатын шараптың салығын талқылады
Алма және алмұрттан алынатын шараптар «шарап» санатынан алынса, оның акцизі қымбаттайды
Премьер-министрдің орынбасары әрі ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Салық кодексін енгізу жөніндегі жобалық кеңсенің 9-отырысы өтіп, онда тараптар ЕАЭО аясында жаңа салық нормаларын қолдануға және заңнамаға енетін алдағы өзгерістерге қатысты мәселелерді талқылаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Үкіметтің баспасөз қызметінен жазғандай, талқыланған маңызды мәселелердің бірі – ЕАЭО алаңында алкоголь өнімдерінің қауіпсіздігі жаңа техникалық регламенттің жобасы.
Ол жобада алма немесе алмұрттан алынатын жеміс шараптарын «шарап» санатынан алып тастау көзделген. Егер бұл ереже қабылданса, онда алма және алмұрттан жасалатын жеміс шараптары жоғары акциз салынатын өнім санатына ауысады. Соған сай, жеміс шараптары басқа алкоголь түріне жатып, оның салығы да (акциз) қымбаттауы мүмкін.
Қазақстан бұл жағдайда отандық өндірушілерді қолдау үшін спирт қоспай табиғи ашыту арқылы алынатын жеміс шараптарына жүзім шарабымен бірдей акциз мөлшерін сақтауды көздеп отыр.
«Техникалық регламенттің шарттарын ЕАЭО-ға қатысушы елдердің салалық сарапшылары бірнеше жылдан бері талқылап келеді. Қазақстан жаңа техникалық регламент қабылданған жағдайда отандық өндірушілерді қолдау мүмкіндіктерін қарастырады. Акцизді шарап деңгейінде тек жүзім өнімі үшін ғана емес, сонымен қатар алкогольді қоспай табиғи ашыту арқылы елде өндірілетін басқа да жемістерден алынған шараптар үшін де орнату туралы алдын ала шешім қабылданды», - деп хабарлайды үкіметтің баспасөз қызметі.