Кодекс 1 шілдеде күшіне енеді: министр құрылыс саласын қандай өзгеріс күтіп тұрғанын айтты
Құрылыс саласында цифрландыру мен қауіпсіздік талаптары күшейеді
Қазақстанда құрылыс саласын жаңғыртуға бағытталған жаңа Құрылыс кодексі биыл 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Құжат құрылыс сапасын арттыруды, цифрлық технологияларды енгізуді, жобаларды міндетті сараптамадан өткізуді және сейсмикалық қауіпсіздік талаптарын күшейтуді көздейді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, құрылыс саласы цифрлық технологияларды енгізу арқылы жобалаудан бастап пайдалануға беру және қайта өңдеуді қамтитын жаңа деңгейге өтіп жатыр.
«Осы жаңалықтарды бекіту және саланы әрі қарай дамыту үшін жаңа Құрылыс кодексі қабылданып, биыл 9 қаңтарда қол қойылды. Ол 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Құрылыс сапасы мен қауіпсіздігін арттыру үшін салаға қатысушыларға қойылатын талаптар күшейтіліп, лицензияларды электронды тексеру және инженерлерді кезең-кезеңімен сертификаттау енгізіледі. Сондай-ақ құрылыс нормаларын жетілдіру үшін халықаралық стандарттарға сай келетін Ұлттық техникалық нормалау институты құрылады», - деді ол Үкімет отырысында.
Кодексті іске асыру аясында 138 нормативтік құқықтық акті өзектендіріледі.
Нақты жобалау жоспарлары міндетті сараптамадан өтеді
Нағаспаев қала құрылысы құжаттарының сапасын күшейту үшін барлық құрылыс жобасы, оның ішінде нақты жобалау жоспарлары міндетті сараптамадан өтетінін атап өтті. Бұл шара сапасыз жобаларды уақытылы анықтауға, жобалау қателері мен жемқорлықты болдырмауға және құжаттардың ашықтығын арттыруға мүмкіндік бермек.
«Кодексте нақты жобалау жоспарларын тек екі жылда бір рет түзетуге рұқсат етілді. Бұл құжаттардың тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар, қала құрылысы құжаттарын қабылдау процестерін орталықтандыру мақсатында Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесін енгізу көзделіп отыр. Ол талаптарға сәйкес келмейтін құжаттарды беру мүмкіндігін шектейді», - деді министр.
Айтуынша, қазір Градкадастрдың цифрлық базасы еліміз бойынша барлық 89 қаланың жобаларын және инженерлік желілердің 94 пайызын қамтиды. Сондай-ақ оған жалпы аумағы 824 мың гектар болатын жерлердің цифрлық топографиялық деректері енгізілген.
«Пилоттық жоба аясында аталған цифрлық жүйе арқылы әкімдіктер бастапқы рұқсат құжаттарын беру, эскиз жобаларды келісу және техникалық шарттарды беру сияқты 146 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетті. Алайда рұқсат беру процесін сапалы автоматтандыру үшін әкімдіктерге қалалық жоспарлау құжаттарын жаңартуды жеделдету қажет. Қазіргі уақытта осы бағытта жұмыс қарқыны ең төмен өңірлер қатарына – Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан облыстары және Абай облысы кіреді», - дейді ведомство басшысы.
Жер сілкінетін өңірлер де назардан тыс қалмаған
Жаңа Құрылыс кодексінде сейсмикалық қауіпсіздікке арналған жеке тарау енгізіліп, сейсмикалық тәуекелдерді төмендетуге бағытталған міндетті талаптар белгіленді. Бұл шаралар тәуекелдердің алдын алуды күшейтіп, аумақтардың табиғи апаттарға төзімділігін арттыруға мүмкіндік береді, деді Нағаспаев.
Заңсыз салынған үйлер болса, құқық қорғау органдарына хабарлайды
Құрылыс кодексі бақылауды күшейтіп, сала қатысушыларының жауапкершілігін арттырады.
«Атап айтқанда, құрылыс объектілеріне барлық кезеңде – жұмыстың бастауынан пайдалануына дейін – ГАСК органдарының «жедел әрекет ету» және «жоспарлы тексеру» механизмдері енгізілген. Сонымен қатар, есептер мен мониторингке негізделген қашықтан камералық бақылау қарастырылған. Заңсыз салынған нысандарға қатысты міндетті түрде құқық қорғау органдарына хабарлама жолданады және ГАСК пен төтенше жағдай органдары нысандарды қабылдау кезінде қатысады», - деді Нағаспаев.