Екі миллионға жуық шағын кәсіпкер жаңа жылды «таза парақтан» бастайды
1 сәуірге дейін негізгі борышты өтеген жағдайда, өсімпұлдар мен айыппұлдар есептен шығарылады
Микро және шағын бизнес үшін 2026 жылғы 1 қаңтарға дейінгі камералдық бақылау мен салық тексерістері тоқтатылады, яғни өткен кезең үшін тексеріс болмайды. Бұл туралы қаржы министрі Мәди Тәкиев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Президенттің тапсырмасын орындау үшін 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап микро- және шағын бизнеске қатысты салықтық әкімшілендіруді «таза парақтан» бастау көзделіп отыр», - деді Тәкиев Үкімет отырысында.
Яғни 2026 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңдердегі камералдық бақылау мен салық тексерістері күшін жояды, яғни, өткен кезең үшін тексеру болмайды. Осы кезеңдердегі мәмілелер мен тіркеулерді жарамсыз деп тану туралы сотқа талап-арыз беру тоқтатылады.
Сонымен қатар, оңайлатылған рәсімге құқығы бар субъектілерді тарату жеңілдетіледі – камералдық бақылау болмайды. Қосылған құн салығы бойынша есепке қоюды бұзған және өткен кезеңдерге есептілік ұсынбаған тұлғалар әкімшілік жауаптан босатылады. 2026 жылғы 1 сәуірге дейін негізгі борышты өтеген жағдайда – салықтар мен басқа да міндетті төлемдер бойынша өсімпұлдар мен айыппұлдар есептен шығарылады.
Министр осы шаралардың барлығы 2 миллионға жуық микро- және шағын бизнес субъектісіне оң әсер ететінін атап өтті.