МАГАТЭ Курчатовта АЭС салуға оң қорытындысын берген
Бірақ әзірге Абай облысында АЭС салу жоспарланып отырған жоқ

Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік МАГАТЭ Абай облысының Курчатов қаласында атом электр станциясын салуға болады деп оң қорытындысын берген. Бұл туралы ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сәтқалиев Курчатовта атом электр станциясын салу бойынша нақты жоспар жоқ екенін атап өтті. Бірақ президенттің ғылым қалашықтарын құру жөніндегі апсырмасы бар.
«Яғни ол жерде бізде бірегей құзыреттер, Семей полигонының салдарын жою бойынша жинақталған ерекше тәжірибе бар. Сондай-ақ мұнда жеткілікті деңгейде озық ғылыми база шоғырланған, ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде, оның ішінде зерттеу реакторлары бар. Ғылым қалашығын, ғылыми-техникалық кластерді құру аясында Абай облысында жоба жасалған жағдайда, аса қауіпті саналмайтын шағын және орта модульді реакторлар технологиясы пайдаланылуы тиіс деп есептейміз», - деді ол Мәжіліс кулуарында.
Оның айтуынша, егер Курчатовта ядролық нысан салу туралы шешім қабылданса, барлық рәсім ашық өтеді.
«Міндетті түрде қоғамдық тыңдау жүргізіледі, ТЖМ қорытындысы алынады, басқа уәкілетті мемлекеттік органдардың қорытындылары, алаңды тексеру, халықаралық сарапшылардың қорытындысы және МАГАТЭ мақұлдауы қажет болады. Айтпақшы, бұл алаң бойынша МАГАТЭ оң қорытындысын берді», - деді Сәтқалиев.
Агенттік төрағасы жергілікті халықтың пікірінсіз Қазақстанда еш жерде атом электр станциясы салынбайтынын мәлімдеді.