$ 549.15  643.88  6.71
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«БАКАД», темір жол мен шекара бекеттері: Жайымбетов үкіметтен бюджет қаржысының тиімді жұмсалуын талап етті

«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мархабат Жайымбетов Бектеновке сауал жолдады

«БАКАД», темір жол мен шекара бекеттері: Жайымбетов үкіметтен бюджет қаржысының тиімді жұмсалуын талап етті
Фото: primeminister.kz

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мархабат Жайымбетов Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдап, бюджет қаржысын жұмсаудағы заңсыздықтар мен салғырттыққа назар аударды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысы өз Жолдауында: «Бюджет қаражатының әрбір теңгесі ел игілігіне жұмсалуы тиіс» деп нақты атап көрсеткен. Алайда, Аудиторлық палатаның деректері қаражаттың есепсіз жұмсалып жатқанын дәлелдеп отыр.

Депутат мысалға келтірген жобалар:

  • «БАКАД» жобасы. Жобаның сметасы долларды 575 теңгеден есептеп жасалған. Ал ресми бағам – 540 теңге болған. Айырмашылықтың салдарынан бюджетке 2 млрд теңге артық шығын түскен. Бұл – қаражатты дұрыс жоспарламаудың белгісі.
  • «Жолаушылар тасымалы» АҚ. Жыл сайын 8 млрд теңге субсидия бөлінеді. Алайда, лизинг шарттары бекітілмеген. Құқықтық және қаржылық тұрғыдан негізделмеген жобаны қаржыландыру – заңға да, логикаға да қайшы.
  • Шекара бекеттері. 2021 жылдан бері бұл нысандарға мол қаражат бөлінсе де, жұмыс әлі аяқталмаған. 8 жобаның 6-ы бойынша артық шығын көлемі 26 млрд теңгеге жеткен.

Сонымен қатар, Қазақстан – Қырғызстан шекарасындағы «Қарасу» бекетіне қосымша 6,9 млрд теңге сұралып отыр. Бірақ ол бойынша сараптама қорытындысы да, жер теліміне құқықтық құжаттар да жоқ. Депутат мұндай жағдайды «ашық талан-таражға жол ашу» деп бағалады.

Жайымбетовтің ұстанымы:

Мемлекет қаржысы алдымен халықтың күнделікті қажеттілігіне – газ, жарық, жылу мәселелерін шешуге жұмсалуы тиіс. Ал күмәнді жобаларға бюджеттен қосымша қаражат бөлу – ел мүддесіне қайшы.

Ұсынылған шаралар:

Құжаттары бекітілмеген, сараптама қорытындысы жоқ, артық шығынға жол берген жобаларға қаржы мен субсидия бөлуді тоқтату.

Бюджет қаржысын бөлу кезінде негізсіз айырмашылықтарға жол берген лауазымды тұлғалардың жеке жауапкершілігін заң жүзінде күшейту.

Жаңа бастамаларға кіріспей тұрып, басталған жобалардың толық аяқталуын қамтамасыз ету үшін тұрақты әрі жеткілікті қаржыландыруды қамтамасыз ету.

Депутат бұл ұсыныстар қаржы тәртібін нығайтып, халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталуы тиіс екенін атап өтті.

Серіктес жаңалықтары