$ 549.06  644.87  6.66
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Экспорт әлеуетін арттырады»: вице-министр «Достық – Мойынты» теміржол жобасының маңызы туралы айтты

«Достық-Мойынты» теміржолының екінші желісі ресми түрде ашылды

«Экспорт әлеуетін арттырады»: вице-министр «Достық – Мойынты» теміржол жобасының маңызы туралы айтты
Фото: istockphoto.com

Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов «Достық–Мойынты» теміржолының екінші желісінің іске қосылуы Қазақстанға қандай пайда әкелетінін түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, «Достық-Мойынты» теміржол жобасы Қазақстанға бірнеше стратегиялық себепке байланысты қажет. Ең алдымен, елдің транзиттік және экспорттық әлеуеті артады.

«Бұл учаске Қазақстанды Қытаймен Достық шекара бекеті арқылы байланыстырады. Екінші теміржол желісі өткізу қабілетін айтарлықтай кеңейтіп, жүк қозғалысын жеделдетеді. Транзиттен табыс табатын ел үшін бұл аса маңызды. Екіншіден, жеткізу мерзімдері қысқарады. Жүктемесі жоғары бағытта қосымша жолдар ашылғанның арқасында жүктер тезірек қозғалады. Бұл баламалы дәліздермен салыстырғанда Қазақстан арқылы өтетін «Қытай – Еуропа» бағытының бәсекеге қабілеттілігін арттырады», - дейді Тайжанов.

Үшіншіден, халықаралық көлік дәліздері дамиды.

«Жоба — Транскаспий халықаралық көлік бағыты мен «Солтүстік–Оңтүстік» дәлізі сияқты басты бастамалардың бір бөлігі. Ол Қазақстанға Қытайды, Орталық Азияны, Ресейді, Еуропаны және Парсы шығанағы елдерін байланыстыратын аймақтық хаб ретіндегі мәртебесін нығайтуға көмектеседі. Бұған қоса, жобаның экономикалық әсері де бар. Транзит көлемінің өсуі валюталық түсім әкеледі. Жоба ілеспе инфрақұрылымның құрылысын ынталандырады. Өңірлерде жаңа жұмыс орындары ашылады», - дейді вице-министр.

Сонымен қатар, Тайжановтың айтуынша, жобаның геосаяси маңызы да бар.

«Стратегиялық теміржол торабын бақылау Қазақстанның жаһандық логистика тізбегінде сенімді серіктес ретіндегі рөлін күшейтеді. Бұл еліміздің Қытаймен, Ресеймен, ЕО және басқа да елдермен келіссөз кезіндегі позициясын нығайтады. Қорыта айтқанда, «Достық–Мойынты» бұл тек теміржол ғана емес, ол Қазақстанның әлемдік саудадағы рөлін күшейтуге, экономиканың өсуі мен геосаяси ықпалын нығайтуға сеп болатын жоба», - деп түйіндеді сөзін Тайжанов.

Серіктес жаңалықтары