$ 549.06  644.87  6.66
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қазақстан мен Германия бизнес әріптестік бағдарламасын 2028 жылға дейін ұзартты

Құжатқа бүгін Астанада қол қойылды

Қазақстан мен Германия бизнес әріптестік бағдарламасын 2028 жылға дейін ұзартты
Фото: Ұлттық экономика министрлігі

Астанада өткен кооперациялық жобаларды іске асыру қорытындысына арналған кеңейтілген конференция аясында Қазақстан мен Германия «Partnering in Business with Germany» бағдарламасын 2026–2028 жылдарға ұзарту туралы келісімге қол қойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ұлттық экономика министрлігіне сілтеме жасай отырып.

Бағдарлама 15 жылдан бері ҚР Ұлттық экономика министрлігі мен Германияның Федералдық экономика және энергетика министрлігінің бірлескен бастамасымен жүзеге асырылып келеді. Осы уақыт ішінде 800-ден астам қазақстандық кәсіпкер Германияда тағылымдамадан өтіп, заманауи бизнес жүргізу тәсілдерін меңгерді, өндірістерін жаңғыртып, келісімшарттар жасасты, лицензиялар мен франшизалар сатып алды.

2025 жылы қатысушылар Берлин, Потсдам, Гамбург, Тюбинген және Кельн қалаларындағы бизнес дамыту орталықтарында оқудан өтіп, халықаралық көрмелерге, соның ішінде әлемдегі ең ірі азық-түлік жәрмеңкесі – ANUGA көрмесіне қатысты. Барлық оқу мен шығындарды қабылдаушы тарап өтеді.

Конференция барысында ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағнаев бағдарламаның кәсіпкерлердің кәсіби өсуіне ғана емес, Қазақстан мен Германия арасындағы экономикалық байланысты нығайтуға да зор үлес қосатынын атап өтті.

Іс-шараға Германия елшілігінің өкілдері, GIZ ұйымы, «Атамекен» ҰКП және бағдарлама түлектері қатысты.

Жаңа келісім бағдарламаның жұмысын 2028 жылдың соңына дейін жалғастыруды көздейді және қос ел кәсіпкерлеріне тәжірибе алмасып, бірлескен жобаларды дамытуға қосымша мүмкіндік береді.

Серіктес жаңалықтары