$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
29.10.2019, 18:49
Экономика

Нұр-Сұлтан қаласы мемлекеттік бағдарламаны екі жылда 6 пайызға ғана орындаған

Бүгін Үкіметте өнімді еңбек пен жаппай кәсіпкерлікті дамытуға арналған  «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының «Бизнес бастау» жобасы қорытындыланды

Нұр-Сұлтан қаласы мемлекеттік бағдарламаны екі жылда 6 пайызға ғана орындаған
Фото: ашық дерек көзінен

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, бағдарламаның қорытындысы осы жылдың 17 қазанында талқыланған.

 «Өкінішке қарай, кейбір өңірлер берілген тапсырманы нашар орындаған. Мысалы, «Бизнес бастау» бағдарламасының орындалуы Алматы қаласында 37 пайыз, Шымкентте – 26 пайыз, Нұр-Сұлтанда 6-ақ пайыз. Берілген гранттар саны мен гранттарды игеру үлесі Түркістанда 15 пайыз, Нұр-Сұлтанда 23, Шымкентте 4-ақ пайыз. Шағын несиені игеру көрсеткіші Маңғыстауда – 42 пайыз, Шымкентте – 41 пайыз, Нұр-Сұлтанда – 49 пайыз.  Екі ай ғана уақыт қалды, Асқар Ұзақбайұлы (Үкімет басшысы Асқар Мамин - агенттік), өңір басшыларына тапсырма берсеңіз, жұмыс орындары ашылу керек және берілген гранттар толық игерілуі керек», - деді бүгін Үкімет отырысында Бердібек Сапарбаев.

Ал, осы жобаның операторы  «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиевтің дерегіне сүйенсек, «Бизнес бастау» жобасы аясында халыққа 65 млрд теңге несие берілген. Бұл 2 жыл 9 айдың көрсеткіші.

«Екі жыл 9 айдың ішінде 88 мыңнан астам адамды оқыттық. 65 млрд теңгеге несие берілді. Өндірілген өнім мен көрсетілген қызметтің үлесі 103 млрд теңгеге жетті. Түскен салық көлемі 620 млн теңге», - деді есеп берген ол.

«Атамекен» палатасының өкілі жоба бойынша гранттарды аудандық комиссия тарататын болғаннан бері, жемқорлық тәуекелдері көбейгенін айтты.

«Гранттар саны 10 есеге көбейді. Былтыр бағдарламаға өзгерістер енгізілді. Бұрын  17 облыстық комиссия жұмыс істейтін. Өзгерістерге сәйкес, комиссияның бәрі аудандық деңгейге түсті. Қазір 162 ауданда комиссия бар. Шешім қабылдайтын адамдардың саны көбейген сайын жемқорлық тәуекелдері көбейеді», - дейді Эльдар Жұмағазиев.

Ол бұл мәселені шешу үшін бағдарлама кезегін электронды форматқа ауыстыруды ұсынды.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары