Түркістан дербес облыс атанғанда, Шымкент өзіне тиесілі үлесін толық алмаған – қала әкімдігі
Бұл жөнінде бүгін Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ербол Садыр мәлімдеді
Жуырда ғана Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалған Ербол Садыр бүгін БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізіп, Түркістан облысы мен Шымкент қаласы бөлінген кезде қала бюджетіне «бұйырмай» қалған қаржы көлемін анықтағанын айтты. Соның салдарынан шаһарда қаржы жетіспеу мәселесі туындап отыр.
«Ішкі саясат және дін істері басқармасына, төтенше қызметке, денсаулық сақтау саласына, білім беруге, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау, мәдениет және спорт, ауыл шаруашылығы, табиғатты қорғау және кәсіпкерлік бойынша жаңа функциялар берілген. Барлығы 44 міндет. Осы міндеттерді жүзеге асыру үшін ОҚО болып тұрған кезде 16,3 млрд теңге қаржы жұмсалған. Ал, енді оның 2019 жылға қажеттілігі 19 миллиард теңгені құрайды. Бөлініс кезінде есептеулер дұрыс жүргізілмеген болуы мүмкін, өйткені Шымкент қаласы өзіне тиесілі үлесін алмаған», - деді ол.
Мәселен, екеуі бір облыс болып тұрған тұста денсаулық сақтау саласында ерекше аурумен ауыратындардың дәрі-дәрмегіне қазынадан 1 млрд 398 млн теңге бөлініп отырған. Ол қаржы 130 азаматқа бөлінеді екен. Яғни, өте қымбат дәрілер. Тіпті бір науқасқа 20-дан 200 миллионға дейін қаражат жұмсалып отырған. Әкімшілік территориялық бөлініс кезінде бұл қаржы түркістандықтарға беріліп, Шымкенттегі 61 азаматқа 700 миллионға жуық қаржы берілмеген екен.
Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сауықтыру орындарында демалуына, дәрісіне, протезіне, арбасына (коляска) ОҚО кезінде қазынадан 2 миллиардтан астам қаржы жұмсалған. Соның ішінде қалалықтарға 591 млн 931 мың теңге қарастырылып жүрген. Бірақ бөлініс кезінде бұл қаржы да қала қазынасына берілмеген.
Тұтас облыс кезінде ортақ қазынадан қаланың ауыл шаруашылық саласына 5 млрд 378 млн теңге қаралып отырса, шаһар республикалық статусқа ие болғанда бұл қаржы да алынбапты.
«ОҚО мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы құны 16 млрд болатын 10 жобаға міндеттеме қабылдаған. Ол кезде Шымкент қаласында ондай құзырет болмаған. Міндеттеменің барлығы облыстық деңгейде шешілген. Шешімдер облыстық бюджеттің мүмкіншілігіне байланысты қабылданған. Алайда, бөлініс кезінде сол 10 жобаның міндеттемесінің барлығы Шымкент қаласына берілген. Алдағы жылдары 16 млрд төлеу керек болған. Биыл сол қаржының 4,1 миллиард міндеттемесі бойынша төлену керек еді. Ол қаржы да қалаға берілмеген», - дейді Ербол Садыр.
Бұдан өзге, ОҚО кезінде бүгінде қаланың қарамағында қалған 99 мекемені күтіп ұстауға 32 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылып келген. Алайда бөлініс кезінде шаһар бюджетіне 20 млрд қана беріліпті.
«Қаланың қазіргі бюджеті 240 млрд теңгені құрайды. Өзге өңірлермен салыстырғанда өте аз. Мысалы, СҚО-ның бюджеті 239 млрд, Алматы бюджеті 586 млрд, Нұр-Сұлтан қаласының бюджеті 473 млрд, көрші Қызылорда облысының бюджеті 293 млрд, Жамбыл облысында 329 млрд теңгені құрайды», - дейді.
Сондай-ақ сол кездегі Шымкент қаласының басшылығы қазынаның кіріс бөлігін есептегенде де қателіктер жіберген.
Нақтырақ айтқанда, Шымкентте жаңа салынған тұрғын үйлерді сатудан 23 млрд 440 млн теңге табыс табамыз деп жоспарлаған. Алайда, Ербол Садыр оған талдау жүргізілгенін айтып, аталған сомадан 17 млрд 651 млн теңге түспейтіні белгілі болған. Себебі, ол тұрғын үйлер бітпеген, әлі де салынып жатыр екен. Пайдалануға беру үшін қосымша қаражат қажет.
Талдау жұмыстарының нәтижесінде осы олқылықтарды ескере отырып, қаланың бүгінгі әкімі Ерлан Айтаханов үкіметке арнайы ұсыныспен шыққан. Осыған орай, республикалық бюджеттен 17 млрд теңге көлемінде көмек беру жөнінде шешім қабылданыпты. Бұдан бөлек, қала әкімдігі қазынаға биыл бұйырмайтын 17,7 млрд теңге қаржының орнын толтыру мақсатында өзге табыс көздерін қарастырып, әзірге 8 млрд теңгеге жуығын еңсерудің жолын тауыпты. Оның ішінде акцизден 3 млрд теңге, мүлік салығынан 4,5 млрд теңге түсіруге жұмыс жасалып жатыр.
Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылдың 19 маусымында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» заңға қол қойып, Шымкент қаласы республикалық маңызы бар қалалар қатарына (Алматы мен Нұр-Сұлтан мегаполистері секілді) қосылып, Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан облысы болып қайта құрылды (әкімшілік орталығы - Түркістан қаласы). Бұған себеп - Шымкент қаласы тұрғындарының саны 1 миллион адамнан асуы еді.
Осы тарихи оқиғадан кейін Шымкент қаласының әкімі болып Ғабидолла Әбдірахымов тағайындалды. Алайда, биыл Президент әкімшілігінің сол кездегі жетекшісі Қырымбек Көшербаев оның жұмысын қатаң сынға алып, қызметінен босатты. Қазір "үшінші мегаполис" әкімі болып Ерлан Айтаханов тағайындалған.
Арай Есенбек, Шымкент