Қазақстан биыл сырттан 400 млрд теңге қарыз алуы мүмкін – Қаржы министрі
Ол қаражат бюджет тапшылығын жоюға жұмсалады
Биыл Қазақстанда республикалық бюджет дефициті 2,4 трлн теңгені құрайды. Осыған байланысты, ішкі және сыртқы нарықтан қарыз алуға тура келеді. Бұл туралы Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты.
Оқи отырыңыз: Қазақстанның мемлекеттік қарызы 17 триллион теңгеден асты
«Дефицит орнын қарыз есебінен толтыру керек болады. Бұл жағдайда ішкі нарыққа басымдық беріп, теңгемен алуға тырысамыз. Бюджеттің шамасына қараймыз. Сыртқы нарықты да қараймыз. Қазір теңгеден бөлек рубль де ыңғайлы. Себебі, ол теңге курсымен корреляцияланады. Келіссөздер жүргізіліп жатыр, қажеттілікке қарай көреміз», - деді ол брифингте.
Оқи отырыңыз: Карантин кесірінен қазынаға 125 миллиард теңге түспей қалды – Жамаубаев
Министр кейінірек сыртқы нарықтан қанша қарыз алынатындарын нақтылап кетті.
«Ішкі нарықтан шамамен 2 трлн теңге аламыз. Ал қалған 400 млрд теңгені сыртқы көздерден қараймыз. Әрине, олардың шарттарын, пайыздық үстемелерін, жеңілдіктерін зерттеу керек. Қазір ол бойынша үлкен сараптамалық жұмыс жүргізіп жатырмыз. Айта кететіні, бұл өте күрделі мәселе. Себебі, нарыққа қатысты кез келген мәлімдеме сұраныс пен ұсынысты тудырады. Белгілісі – алынатын қарыздың жалпы сомасы сол 2,4 трлн теңге», - деп пікір білдірді министр.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан