Маңғыстау азық-түліктің 85 пайызын сырттан алады - Нұрдәулет Қилыбай
Ол бұл туралы Астана қаласындағы жиында мәлім етті

Бүгін Астанада Қазақстан мен Иран елдері арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның жиырмасыншы отырысы өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тауар айналымы 340,1 млн доллар
Сауда және интеграция министрлігінің мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері Қазақстан мен Иран арасындағы сауда айналымың өсімі 80%-ға жеткен.
Былтыр елдер арасындағы тауар айналымы 340,1 млн доллар болған. Бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,3 пайызға көп. Айта кетейік, бүгін Комиссия отырысына Қазақстан тарапынан ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев, Иран Ислам Республикасы тарапынан ИИР Ауыл шаруашылығы министрі Ғоламреза Нури Гезелже төрағалық етті. Арман Шаққалиев өзара сауда көлемін 3 миллиард долларға дейін ұлғайту туралы тапсырма барын еске салды. Қазақстан ауыл шаруашылығы, машина жасау, химия өнеркәсібі, құрылыс материалдары және өзге де салалардың жоғары сапалы өнімін ұсынуға дайын.
«Біздің сараптауымыз бойынша, Қазақстан алдағы айда 162,3 млн доллар сомасына 60 тауар позициясының экспортын арттыруға дайын. Атап айтқанда, бұл дәнді дақылдар, оның ішінде арпа, жүгері, күнжара, күнбағыс майы, ет өнімдері, шырындар, кондитерлік өнімдер», - деп атап өтті Арман Шаққалиев.
Маңғыстауда Иранның 77 кәсіпорны бар
Шаққалиев Иранмен Каспий теңізі арқылы шектесетін Маңғыстау облысының түрлі салада бірлескен кәсіпорын құру әлеуетін жоғары бағалады. Қазірдің өзінде Маңғыстау облысында Иран капиталының қатысуымен экономиканың түрлі салаларында 77 кәсіпорын тіркелген.
«Маңғыстауға азық-түліктің 85 пайызы сырттан келеді. Оның ішінде Иран да бар. 2025 жылдың қаңтар – сәуір айларының қорытындысы бойынша Маңғыстау облысы мен Иран арасындағы сыртқы сауда айналымы 15,5 млн. АҚШ долларды құрады. Өткен жылы Ақтау және Иран теңіз порттары арасындағы жалпы жүк айналымы 349 мың тоннаны болды», - деді үкіметаралық комиссия жұмысына қатысқан Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай.