Қызылордада сантехника шығаратын зауыт үшін 70 млн еуро тартылатын болды
Бүгін тараптар келісімге қол қойды

Бүгін премьер-министр Олжас Бектенов Roca Group компаниясының басшысы Сантьяго де Гомар Рокамен Қызылорда облысындағы зауыт құрылысын талқылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Кәсіпорыннан шығатын сантехника Қазақстанның ішкі сұранысы мен Орта Азия елдерінің экспортына жетуі керек.
Жоба құны – 70 млн еуро
Санитарлық-техникалық жабдықтар шығаратын ірі зауыт салу үшін 70 млн еуро тартылатын болды. Бұл туралы Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев мәлім еткен.
Зауыт салынған соң 300 жаңа жұмыс орны ашылады деген жоспар бар.
«Мемлекет басшысының инвестиция тарту жөніндегі тапсырмасын орындау үшін біз шетелдік инвесторлармен жүйелі жұмыс жүргізіп келеміз. Өткен жылы Roca Group компаниясымен Қызылордада өндіріс орнын ашу мәселесін талқыладық. Компания санитарлық-техникалық бұйымдар өндіру саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі саналады. Roca Groupпен бірлесіп өндірісті бастау туралы негіздемелік келісімге қол қойылды», - дейді Нәлібаев.