«Самұрық-Қазына» қорына аудит жүргізіп жатырмыз – ЖАП
Аудит қорытындысы жазда шығады

Жоғары аудиторлық палата «Самұрық-Қазына» қорына аудит жүргізіп жатыр. Бұл туралы ЖАП мүшесі Нұрлан Нұржанов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Самұрық-Қазына» қорындағы тексеріс
«Қазір талаптарға сәйкес «Самұрық-Қазынаға» аудит жасалып жатыр. Аудиттің қорытындысын, Құдай қаласа, жаз айында бітіреміз. Соның аяғында тиісті қорытынды мен ұсыныстар беріледі», - деді Нұржанов Мәжіліс кулуарында.
«Самұрық-Қазына» таратылуы мүмкін бе
Мәжілісте Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның 2024 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін қарау кезінде депутат Әділ Жұбанов «Самұрық-Қазына» қорын таратуды ұсынған болатын. Журналистер ЖАП мүшесі Нұрлан Нұржановтан осы жайлы пікірін сұрады.
«Самұрық-Қазынаны» басқару Үкіметтің құзыретіндегі мәселе. Біздің қазір тарату немесе таратпау туралы айтқанымыз дұрыс болмайды. Біз 2024 жылғы есебіміз бойынша қандай мәселелер орын алды, қандай жүйелі проблемалар мен кемшіліктер бар, соны көрсетіп отырмыз. Мұны алдағы уақытта Үкімет, Қаржы және тиісті уәкілетті министрліктер жұмыс барысында ескеріп түзеуі керек деген мақсатта айтып отырмыз. Мәселен, былтырдың өзінде біз 37 ұсыным бердік. Бүгінде соның 46 пайызы орындалып отыр. Яғни бұл бюджетті одан әрі жетілдіруге және жұмысын жандандыруға, талаптарға сәйкес орындауға әсер етеді», - дейді ол.